Алты Алаштың кең даласын қанша шарласаң да шаршатпайды ғой, шіркін. Көрер көзге, тыңдар құлаққа, түйсінер санаға жолдың өзі сабақ. Тынысын ашылып, танымын кеңейеді. Осыны ескерген республикалық «Егемен Қазақстан» газеті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Атамекен» экспедициясын бастаған еді. Әрі қарай Маңғыстау өңірінде экспедицияны жалғау үшін біз де жүрдекті жалдап, жолға шықтық.
Бағыт – бір, мақсат – айқын
Экспедиция барысында 90 жылдан астам тарихы бар Маңғыстау ауданының көрікті жерлеріне табан тіредік. Алдымен пресс-турға шыққан журналистер мен блогерлерді аудан әкімі Тілек Көшмағамбетов қабылдады. Ол аудан тарихын, онда атқарылып жатқан бірнеше жұмысты тілге тиек етті. Әсіресе, туристік орындардың бүгінгі жағдайы мен болашағы жайлы сөз қозғады. Содан соң «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлай Дәуітбай бастаған экспедиция мүшелеріне сәттілік тіледі.
Ал Гүлай Дәуітбай экспедиция мақсатына тоқталып, қолдау білдірген Маңғыстау облысы әкімдігіне, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы және Маңғыстау ауданы әкімдігіне алғыс айтты.
«Атамекен» экспедициясы әр облыстың тарихи, мәдени кешендерін танып, туристік орындарды танытуға бағытталған. Эстафета ретінде аймақтан аймаққа жалғасып жатыр. Бұл ретте Маңғыстау облысы әкімдігімен ақылдасып, Маңғыстау ауданын таңдадық. Себебі мұнда тарихи-мәдени ескерткіш пен көрікті орын көп, екіншіден, инфрақұрылымға мән бердік. Қазір өзге облыстар экспедицияны БАҚ, әлеуметтік желі арқылы көрсетіп жатыр. Біз де осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аудан аумағында орналасқан Шерқала, Ақмыш, Қызылқала, Көгез, Отпан тауды көрсеткіміз келеді», - деді «Егемен Қазақстан» РГ меншікті тілшісі Гүлай Дәуітбай.
Ия, мақсат айқын. Бағыт та белгілі болды. Уақыт оздырмай Шерқалаға бет алдық. Бізге Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Махмутов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанбибі Молдашева, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, журналистика саласының ардагері Ұ. Күбірбай және «Маңғыстау аудандық азаматтық бастамашылығы» ҚБ төрағасы Сегізбай Әнес қосылды.
Қорған болған Шерқала
Түбек тарихы қазбалай берген сайын қызық. Бұл жердің сонау ерте кезеңнен бастап бүгінге дейін ашылмаған талай сыры бар. Мұны бізге «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің қызметкері Құралай Ізімбергенова айтып берді. Айтуынша, бізге дейін Маңғыстау түбегі сулы аймақтың бірі болған. Кейін су көздері тартылып, орнына борлы таулар, төбелер түзілген. Табиғаты мың құбылған Маңғыстау жерінде сирек кездесетін аң-құстың ізі қалған. Бертін келе түбектен өткен Ұлы Жібек жолы Азия мен Еуропаны жалғаған екен. Міне, осылай тарихтан сыр шертіп, шөл даланың әр шоқысын, әр тауын көзбен шолып отқанда Шерқаланың шеті көрінді.
Осылайша Шетпе ауылынан 17 шақырымды артқа тастап, Шерқалаға келдік. «Шерқала таудың бөркі еді, Айрақты таудың көркі еді», - деген ақын сөзі текке айтылмағанын аңғардық. Себебі Шерқаланың алыстан көрінісі бір жағы басылған бөрікке, төңкерілген кесеге, кейде киіз үйге ұқсайды.
«Шерқала тауының биіктігі – 308 метр. Ежелгі жер сілкіністері нәтижесінде түзілген төрткүл ақ бор тау. Жақын маңайында шар тәрізді тас пен тұтас гранитті сомтас көп», - дейді Құралай Ізімбергенова.
Кейін Шерқала жайлы ел аузында қалған аңыздарды айтып, әрі қарай сөз жалғады.
«Бұрын Шерқаланың төбесінде кішкене қалашық болған. Халық сол жерде өмір сүріп, дұшпандардың шабуылынан қорғанған екен. Таудың солтүстік бөлігі үздіксіз соққан желдің әсерінен қажалып, өзгеріске ұшыраған. Осы желдің әсерінен оның жан-жағынан пайда болған жеке түзілістерді де байқауға болады. Ал оңтүстік бөлігі мен шығыс жағы тік жарлы. Жоғарғы жағы тегіс, адамның жүріп-тұруына ыңғайлы. Таудың етегінде төбесіне апаратын үңгір бар», - деді экспедиция жүргізушісі Құралай Ізімбергенова.
Аңыз-әңгімеге қаныққан соң, құлақ құрышын есті әндерге қандырдық. Шерқала маңында ақ баянмен ән салып, домбыраны шертіп, күйге ойнаттық.
Нулы да сулы Ақмыш сай
Қоңыр тартқан құрғақ жерге көз үйренгендік пе, әлде Маңғыстау табиғатының бұл сұлулығын білмегендік пе, әйтеуір таңқалдық. Алыстан алақандай ғана жерде желмен тербеліп тұрған ағаштар көзге оттай басылады екен. Тіпті, бұл ағаштар қурамай, қалай жап-жасыл болып тұр деген сауал ойға оралды. Ия, біз Маңғыстаудың нулы да сулы сайы Ақмыштамыз.
Ақмыш – Шетпеден 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Өңір тұрғындары мен туристердің жиі келіп, табиғат аясында демалатын жері. Бірнеше жыл бұрын мұнда бұлақ ағып тұрған екен, қазір су көрінбейді. Әрі қарай Ақмыш сайы туралы Құралай Ізімбергеновадан сұрап білдік.
«Ақсақалдардың айтуынша, алғашында Сұлтангелді Тауасар деген кісі Астраханнан 220 дана ағаш әкеліп еккен. Төңкерістен кейін казактардың атақты атаманы Владимир Толстов (оның есімімен Маңғыстау даласына жасырылған «ақ «әскердің» сарқылмас байлығы жасырынған деген аңыз байланысты) осы Ақмышта уақытша орда құрғаны белгілі. 10 шақты жыл өткен соң мұнда мектеп-интернаты мен колхоздың орталық тұрағы ашылды. Кеңестік кезеңде қазірге дейін көз тартып, туристер қызығатын жаңадан ағаштар отырғызылды. Сайға кіре берісте жолаушылардың көзіне құмыра ұстаған Ақбөбек қыздың мүсіні түседі, ол дәмді су ішіп, демалуға шақырып тұрғандай. Ақмыш сайы әдемі табиғатымен көз тартады. Бұрындары мұнда ғұмыры ұзақ талдар өсетін, бірақ олар жоғалып кеткен. Олардың орнына жергілікті Түйебаев Тұқымбай есімді ақсақал егін еккен. Шағын тау бұлақтарынан толатын арналар, бірде өзенге айналады, бірде көктемгі құрғақтықтан тартылып кетеді», - дейді Құралай Ізімбергенова.
Бір жарым ғасыр тарихы бар Ақмыш сайына 2019 жылы абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, кіре берістегі Ақбөбек ескерткіші жаңартылды, жаңа қоршау орнатылды, серуендеу жолдары мен навесі бар дем алатын сәкі жасалды. Сонымен қатар қоқыс салатын жәшіктер мен мангал қойылып, дәретхана салынды. Тас төселген алаңдар, жылғалардан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, бассейн орнатып, сай аумағын көгалдандыру мақсатында 300 жеміс ағашы мен 50-дей жергілікті тұқымдас ағаш-бұтақ егілді.
Қазіргі таңда тарихи-табиғи ескерткішті күтіп-ұстау, ағаштарды күнделікті суару, жиналған қоқыстарды уақытында тазалап тұру, келушілердің тәртібін қадағалау, объект аймағындағы абаттандыру элементтерін қорғау, сақтау міндеттері Шайыр ауылының әкімдігіне жүктелген. Алайда бақ іші бақылаусыз қалғандай көрінді. Түсі кеткен мүсін, сай ішінің тазалығы бірден көңіл көншітпеді. Десе де еріктілердің қолға күрек алып, қоқыстарды қапқа салып жатқанын көріп, көз қуанды. Осы ретте Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Махмудов Ақмышқа келіп, демалатын тұрғындарды тазалық сақтауға шақырды.
Қызыл тастан өрілген қалашық
Содан соң экспедиция мүшелері Ақмыштан жаяу жүріп Қызылқала қалашығына келді. Қызыл тастан өрілген қала кезінде сауда-саттықтың, молшылықтың мекені болыпты. Алғашқыда ескерткіштің қабырғалары ғана бекітілген керуен-сарай болса, кейін сырты таспен қапталып, 13 қарауыл мұнаралы мықты қамалға айналған екен.
«Бекіністі айнала қоршай саудагерлер мен кәсіпкерлердің қаласы орналасқан. Қыш-шөлмек ыдыстардың, күйдірілген кірпіштер мен темірден, мыстан, құнды металдардан жасалған бұйымдардың, тас диірмендердің сынықтары, орақтың табылуы бұл жерде өндіріс орындары болғандығын және ежелгі диқаншылық кәсіп игерілгендігін айғақтайды. Мұнда табылған жеке артефактарды зерттеу нәтижесі – бұл қалаға ирандық ыдыстардың, мысырлық және қытайлық моншақтардың, балтық янтарьлары сияқты тауарлардың әкелінгенін анықтауға мүмкіндік береді», - дейді өлкетанушы Құралай Ізімбергенова.
Оның айтуынша, XIII ғ. екінші жартысында монғол шапқыншылығынан Хорезм мемлекетінің күйреді. Содан кейін теңіз деңгейі өзгеріп, сауда трассаларының бағыты ауысуына байланысты экономикалық мағынасы жоғалып, қала өмірі тоқтаған.
2004 жылдан бері археологиялық зерттеулер жүргізіліп келген Қызылқала «Жібек жолы: Еділ-Каспий маңы аралық коридор» сериялық трансұлттық номинациясы шеңберінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілген. Ал биыл тамыздан бастап осы қалашыққа Алматы қаласының «Rutrum» ЖШС қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Көгез» этноауылы – туристердің құтты мекені
Қызылқаланың тарихына көз жүгірткен соң «Көгез» этноауылына барып, әл жинап алдық. Жайылған жазық далада киіз үйдің қаз-қатар орналасқаны, жап-жасыл бау-бақшасы, ақ күлтесі желмен ұшқан гүлдері – бәрі сұлу. Қазіргі таңда «Көгез» этноауылы алыстан ат терлетіп келген туристердің құтты мекеніне айналған. Қазақтың оюлы киіз үйінде қонақтап, дәмнен ауыз тиіп, қымыз, шұбатты сіміріп, қос таудың төрінде саяхаттағанға не жетсін! Бір сөзбен айтқанда, этноауылда бар жағдай жасалған.
«Ауылымызға келген туристерге қазақтың нағыз дәстүрін, өмір салтын көрсетуге тырысамыз. Мәселен, түйені, жылқыны қалай сауып, оған мінуді үйретеміз. Үлкен кісілер мен балаларға арналған арнайы жаттықтырушылар болады. Айналадағы тауларға жылқымен немесе жаяу, я болмаса велосипедпен баратындай жағдай жасаудамыз. Алға қойған жоспарымыз өте көп. Бұйырса ауылымыздың болашағы жарқын болады деген үміттемін. Жергілікті билік тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Туристер тартуда қолұшын береді», - дейді «Көгез» этно-ауылы» жобасының авторы Мұқағали Ербозов.
«Көгез» этноауылынан шығып, Айрақты тауына соға кеттік. Алыстан қарап-ақ үлкен тау екенін аңғардық. «Шерқала мен Айрақты бір-бірімен егіз, бөліп-жаруға болмайды. Айрақты Маңғыстау облысында қалған үлкен тау. Жол түссе Айрақтыны асықпай аралап, тау тастарына зер салған тиімді», - екенін айтты өлкетанушылар.
Отпан тауда айтылды орамды ойлар
Экспедициямыз өз мәресіне жақындап қалды. Сондықтан сапарымыздың соңғы түйінін қою үшін Отпанға келдік. Отпан тау - Маңғыстаудағы Батыс Қаратаудың ең биік нүктесінде, Ақтау-Таушық-Шетпе тас жолы бойындағы Жыңғылды ауылы мен Тұщыбек санаторийінің орта жерінде орналасқан. Елге жау шапқанда, халықтың басын қосып, туған жерін қорғау үшін Отпан таудың басында Ұран отын жаққан. Сол дәстүрді суытпас үшін 2007 жылы тау басына Адай батырға арнап 37 метр ескерткіш орнатты, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешіні ашылды. Бүгінде бұл кешен алысты жақындататын, жоғалғанды жаңғыртатын рухани мекенге айналып үлгерді.
Енді осы «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің бүгіні, туристік әлеуеті мен даму жолы қалай? Осы сұрақтарға көнекөз, облысқа белгілі, аузы дуалы азаматтар Отыншы Көшбай, Алқажан Еділхан, Данияр Аралбайдың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде жауап іздедік. Алдымен «Адай ата – Отпан тау» кешенінің қызметкерлері қазақ дәстүрін насихаттап, ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Содан соң өңір ақсақалдары Отпан тау ерекшеліктері мен онда жасалған археологиялық жұмыстың қорытындыларын сөз етіп, тарихи деректерді алға тартты.
Тарихты қанша айтсаң да таусылмайды, жалықтырмайды. Алайда жадта жатталып, санада сақталуы үшін тек айту – жеткіліксіз. Тарихты тану керек, тану үшін әрекет, даму маңызды. Осы ретте «Адай ата – Отпан тау» мамандары жергілікті билік тарапынан тарихи кешенге көңіл бөлмейтінін тілге тиек етті.
«Кешенде 5 жыл бұрын өткен мәдени шараларға 10 мыңнан аса көрермен келетін. Соңғы уақытта келушілер саны күрт төмендеді. Осы күнге дейін шараларға қаржы өз есебімізден шығып жатыр, ал жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Қаржы болмаған соң шараның сапасы да ойдағыдай болмайды. Шараға келушілерді ауыл-аймақтан кешен қызметкерлері автобуспен тасиды. Себебі қала мен Отпан тау арасы қашық. Қатынайтын көлік жоқ. Ал біздің автобус ескі, қолайсыз ауа-райына жарамайды, енді ол да жоқ», - дейді кешеннің экскурсия-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Жомарт Айдарбек.
Мұнан өзге де бірқатар мәселе мен ұсыныс айтылды. Өз кезегінде жауапты басқарма мамандары айтылған сөз бен ұсыныс тасада қалмайтынын айтты.
Осылайша «Атамекен» экспедициясына шыққан журналистер мен блогерлер Маңғыстаудың көрікті жерлеріне саяхаттап, ел ағаларының әңгімелерін естіп, туризм саласындағы кемшің тұсты саралап та үлгерді. Бастысы – туған жердің кереметін сезініп, сұлулығына тағы бір тамсандық. Күн ұясы қызарып, бұлт астына тығылған сәтте Ақтауға оралдық.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН