Жуық арада Маңғыстауға келген алматылық қонақ ақын Алмас Ахметбекұлымен кездесіп, аз-кем сұхбаттасу сәті бұйырды. 1993 жылы тарихи Отанына оралған соң, 1993-1995 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, 1996-2006 жылдары әл-Фараби атындағы ҚҰУ журналистика факультетінде аға-оқытушы болып қызмет атқарған ақын 1997 жылы ҚР Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметкері болып жұмыс істеген.
Алмас өткен ғасырдың 80-жылдарында поэзияға әлеміне араласқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар талантты ақын. Оның «Көк тудың желбірегені» өлеңі елімізде екінші әнұран секілді кеңінен тарап, жүректерде жатталған ғажап шығарма. Кездесу үстінде ақын сөзін бірден өлеңмен бастады.
«Алтай анау биік кеткен атағы,
Атағы да жат жанына батады.
Туған жерім – менің Қазақстаным!
Жұмекеннен қалған сөз ғой аталы»,-деген өлеңім бар. Қазақ ақындарынан бүкіл Қазақстанды туған жерім деген бірінші Жұмекен!
Күллі Түркінің бесігі – Алтай! Алтайда – Жеменей өзені, Қараш өзені, Байшағыр жайлауы деген жер-су атаулары бар. Бұлар Адайдың руларының аты. Азаматты ел ұмытпайды, ел ұмытса да жер ұмытпайды. Біз сол Іле Алатауының басы, Жоңғар қақпасы, Сауыр, Барқытбел деген жерлерде өскен қазақпыз. Бірақ мен үшін қазақтың барлық жері – туған жер!
Жұмекен Қазақстанның кез-келген жері – әр қазақтың туған жері деген идеяны айтты. Қазақстаннан басқа қазақтың ұрпағына аманаттайтын жері жоқ!
Менің құрдасым Сабыр деген ақын ұлтқа идеал болатын ұлы сөз айтты – «Әр қазақ менің жалғызым!» деген. Соған ұқсастырып мен де айтып жүрем – «Қазақстан әр қазақтың жалғызы» деп.
Тәуелсіздіктің 14-інші айында, 1993 жылдың 22 ақпанында тарихи Отаныма келе жаттым. Қорғас шекарасынан кірген заматта шағын ғана үйдің төбесінде 2 шаршы метр көгілдір тудың желмен желбіреп, лапылдап, дүрілдеп сөйлеп тұрғанын көрдім.
Ақында шабыт деген болады. ту не айтуы мүмкін?! Толқып кеткен болуым керек, «Көк тудың желбірегені – бақыттың елжірегені, Қиырда қалған қазақтың, Азат Отанға жете алмай, Көзінің мөлдірегені!-деген сөздер ойыма орала берді.
Қасымда Қалдыбай деген жігіт бар еді, қазір осы Ақтауда. «Ақынсың ба?» деп сұрады. «Не болды?» десем, «Туға қарап толқып тұрсың» дейді. Тәуелсіз ел азаматтарының жігерін жанып өтетін өлең болды. Бұл өлеңге арналып бірнеше ән жазылды.
«Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені» деп, кез-келген қазақ айта алады. Ондай сәт тумай-ақ қойсын. Бірақ тәуелсіздіктің қасында жаның түк емес!» дейді ақын Алмас Ахметбекұлы.
Әңгіме үстінде ақын тағы Жұмекенге жүгінді: Төбемде бұлттар жарысқан, төменде оттар жанады. Одан ұшқан әр ұшқын көкірегіме тамады. Бұлақ мезгіл сырғыса, мен тамырға тараймын. Сынып түссе бір бұтақ қабырғама қараймын. Уа, туған жер шүкірсің, топырағыңа киелі, бір есуас түкірсе ол бетіме тиеді... Бұны Жұмекен бодан шақтың өзінде жазып кеткен.
Сол сияқты Қазақстанда кез-келген рухани дүниенің бұтағы сынса қабырғамыз сынғандай қабылдаймыз. Төбемде бұлттар ұшып, төменде оттар жанаып, көкірегімізге тамып жатыр. Бұлақ мезгіл сырғып ағып жатыр. Біз де Жұмекен секілді Қазақстанның бар болғанына, азат болғанына, тәуелсіздігімізге 30 жыл толғанына, мыңдаған шақырым шекарасын бекітіп алғанына, шүкір дейміз!
Өмір күрес. Азаттық бар, мемлекет бар, ендігі жерде ел болу, халық болу бізге сын,-деді ақын.
Қытайдың күнгейін жайлаған елдің тілінің майы тамып, суырыпсалма айтыс өнеріне жақын тұру себебін сұрағанымызда Алмас Ахметбекұлы Шыңжаң қазақтарының оқыған тілі, қолданған жазуы, Алаш көсемдерінің бағдарламасы бойынша құрылғанын, сондықтан оңайшылықпен басқа тілдердің ықпалына түспегенін айтты. Ауып барған қазақтың ағарту саласын жүйеге қойып кеткен Ғазиз Құрбан, Мірсадық Құрман қажы, Райымжан Мәрсек, Шерияздан Мәрсек, Зият Шәкәрімдер Шыңжаңға барған соң, 1934-1939 жылдар аралығында жергілікті үкіметпен бірлесе отырып, діни оқудан ғылыми оқуға қарай бағыттайтын 274 мектеп ашқан. Ол мектептерде Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен басылған оқулықтар пайдаланылғанын айтып, «Қытайдың күнгейін жайлаған елдің тілінің майы тамып тұруы, ана тіліміздің уыз қалпын сақтап қалуының себебі содан.
Енді қазіргі таңда жағдай өзгерді. Бір ғана мемлекеттік тілде оқыту мақсатымен 2006 жылы Қытайдағы 733 қазақ мектебі жабылды. Келешекте қытай тілін оқыған қазақ ұрпағынан таза ана тілін талап ету қиын болатын шығар» деп, Қытай қазақтары Әбіш шығармашылығымен жақсы таныс екенін айтып өзінің Әбекеңе арнаған өлеңін оқып берді.
(Әбіш Кекілбайға)
Беу, Маңғыстау, ыстық шуақ тынысың,
Алтын құмның астарында ырысың.
Бір шүйке бұлт, бір қауға су сұп-суық,
Алтыныңнан құны биік құм үшін.
Сол бұлттан да, шәрбаттан да қымбаттау,
Тіл жараттың Кекілбайдың ұлы үшін.
Жас Әбіштің уысына солайша
Жарты ғасыр бұрын бердің жіп ұшын.
Аңыз адам Кекілбайдың Әбіші
Сонда білдің туғаныңды кім үшін.
Құм сағымға қарыққанда жанарың,
Заманыңа «Бетпе-бет» кеп қарадың.
Көкірегің «Күй» сынды жұрт сүйсінді,
Толғағанда «Дала балладаларын».
Маңғыстаудың маң-маң құмы сәл ысып,
Тарғыл тасқа қызыл қына жабысып,
«Тырналардың» тізбегіндей ой сілем,
Туған жерді айналып жүр әлі ұшып.
Мөлдір суды «Шыңыраудан» тартқандай,
Мөлдір сезім ұрпағыңмен қауышып.
Қызықтаймын албырт жастық шағыңды,
«Үркер» туған «Елең-алаң» таңыңды.
Қарыс сүйем «Қаламшадан» өскендей,
Аңыздағы бәйтерексің кәдімгі.
Бір «Ант» үшін дірілдетіп туысқан,
Қан тамызып ұсынғандай ыдыстан.
Әр қазаққа жалғызындай бір Отан,
Бар қазаққа «Ант» ішкізер бір ұстам.
Келбетімен Кекілбаев Әбіштің
Дүр сілкінер Алтай, Сауыр - гүлстан.
Маңғыстауға күнмен бірге ұшамыз,
Қанша мыңдық шақырымнан – шығыстан.
Құтты мекен болсын деп бұл даламыз,
Отау үшін құдық қазса бабаңыз.
Жер астынан Түйесудай дария
Шалқығанда енді шындық – сол аңыз.
Құдық қазсаң мұнай берген өлкеге,
Каспий бойлап, мамырлап кеп қонамыз.
Отан үшін жер қыртысын жеті қат,
Сырқыратып ұңғылайды баламыз.
Беу, Әбіш, әр кітабыңның есімі,
Ұлттың рух Ордасының есігі.
Алтындаған сарайыңның алдына,
Айтайын деп келіп едім осыны.
Артта қалып Алтай, Сауыр – гүлстан,
Таң сәріде шыққан күнмен бір ұшқам.
Саған сәлем берейін деп келгенім,
Неше мыңдық шақырымнан – шығыстан.
Әр қазақтың жалғызындай бір Отан,
Бар қазаққа анттан қымбат бір ұстам.
Үміт ЖӘЛЕКЕ