ҚМДБ-ның Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Салауатты жамағат» атты волейболдан облыстық спартакиада өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Altynzhol Group» ЖШС-нің демеушілігімен өткен аладоп додасына Ақтау, Жаңөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және Түпқараған аудандарынан келген 10 команда қатысып, тартысты ойындардың нәтижесінде үздік үштік анықталды.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің командасы иеленсе, ІІ орын Мұнайлы ауданы Қызылтөбе-2 ауылының «Мұстафа» мешітінің командасына, ал ІІІ орын Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылдық мешітінің командасына бұйырды.
Жүлделі орын иегерлеріне сәйкесінше 50 000, 40 000, 30 000 мың теңгеден табыс етілді. Сондай-ақ, аталмыш командалар арнайы кубоктармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Спорттық іс-шара дін қызметкерлері мен мешіт жамағаттарының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту, бауырмалдық қатынастарын күшейту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын атап кеткен жөн.