Қыркүйек айында Ақтау қаласын көгалдандыру маусымы аяқталады. Осы уақытқа дейін жауапты мекемелер қала бойынша 48 шақырым су құбырын жөндеуден өткізіп, 1 700 ағаш еккен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жұмыстарды «Ақтау тұрғын үй» коммуналды мекемесі және «Ақбота» МКК жүргізді. Сонымен қатар қазір қалада 4 000 қураған ағаш бар. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болған «Соқырлар Қазақ қоғамының Ақтау оқу-өндіріс кәсіпорны» бүгінгі күнге дейін 2 500-ге жуық ағаш және 700 тал бұтағын кесіп үлгерген. Бұл жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қазан айының соңына дейін жалғасады.
«Ақтау қаласы бойынша 65 шақырым су құбыры болса, биыл соның 30 шақырымы жөндеуден өткізуді жоспарлаған едік. Десе де жоспар артығымен орындалды. Яғни 1 шағынауданнан бастап 29 шағынауданға дейін, «Кездесуден» бастап Ә. Кекілбаев музейіне дейінгі құбыр жаңартылды. Сонымен қатар 39 кооперативпен келісімшарт арқылы жертөледен суару түтіктерін шығардық. Кейін учетчик қойып, ішкі шағынаудандағы талдарды суардық. Сонымен қатар тиісті мекеме суару құбыры жоқ шағынаудандағы ағаштарды 40 водовозбен күнделікті, яғни айына 4 рет суарып отырды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүріп жатыр», - дейді Ақтау қаласының тұрғын үй шаруашылық бөлімінің басшысы Алпысбай Таубаев.
Еске сала кетейік, биыл көгалдандыру және оны күтіп ұстау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 890 млн теңге бөлінген болатын.
Ақтау қаласының тұрғын үй шаруашылық бөлімінің басшысы Алпысбай Таубаевтың айтуынша, көгалдандыру маусымы үшке бөлініп, жүргізілді. Біріншіден, негізгі қорларды күтіп ұстау, екіншіден, бұрынғы құбырларды кесіп, жаңарту бойынша жұмыстар атқарылды. Үшіншіден, мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде қураған талдарды кесу және зиянкестерден арылу бойынша жұмыстарды жүргізіліп жатыр.
Ал келесі жылы 1 500 ағаш пен көпжылдық гүлдер отырғызуды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН