ТМД аумағы мен кәрі құрлық елдерінде есім-сойы едәуір танымал режиссер, Саха республикасының өнер қайраткері Сергей Потаповпен тағы бір мәрте ортақ жобаны жүзеге асыруды құп көрген Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының жаңа репертуарын жақында халыққа ұсынады.
Киелі түбекке табан тіреген жас режиссер қыркүйекте жаңа қойылымның тұсауын кескелі отыр. Сергей Потапов есімі маңғыстаулықтар үшін таңсық емес. Себебі ол осыдан төрт жыл бұрын замана заңғары, көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының “Шыңырау” повестінің желісімен сахналанған драматургиялық қойылымды көрерменге тарту еткен. Ол тұста дарынды сахнагер қолтаңбасы театр мэтрлері тарапынан оң бағасын алып, өмір мен өлім пәлсапасы айшықты өрнектелген, ұлттық нақышқа бай, астарлы дүниені абыроймен алып шықты. Осы күнге дейін әр алуан жанрдағы 100-ден аса қойылымды сахналап, 10-нан аса кино туындыны көгілдір экранға жарыққа шығарған Сергей Потапов шығармашылық тұрғыдан сипаттағанда "сегіз қырлы, бір сырлы жан". Ол тек театр мен кино саласында ғана емес, өз өлкесіндегі опера, цирк, тіпті эстрада секілді өнер кеңістіктерінде жасампаз үрдістердің ілкі бастауынан бой көрсетеді.
Бүгінде С. Потапов қызмет ететін Саха академиялық театры 70-тен аса өнерпаз шоғырланған беделі биік ұйым. Ресейдегі ұлттық театр ұжымдары арасында үздік деп танылған өнер ордасының көркемдік жетекшісі А.Борисов - танымал халық әртісі, сала саңлағы. Алдағы уақытта театр сүйер қауымды елең еткізер жаңа қойылым және режиссер тұлғасы жайында кең әңгімелеуді жөн санап, сахнагермен арнайы сұхбаттастым.
- Сергей мырза өзіңіз жайлы мағлұмат беріп өтсеңіз?
- Мен Ресей құрамындағы Саха республикасында Сунтар ұлысында ауылда дүниеге келдім. Анам саха тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ал әкем өмір бойы бас есепші қызметін атқарды. Қарындасым тұрмыста, үш перзенті бар. Жұбайым мен екі балам Санк-Петербург қаласында өмір сүреді. Қызым биыл орта мектепті бітірді. Ұлым құқықтану мамандығы бойынша магистратураны қызыл дипломмен тәмамдады.
Балаң жастан әдебиетке деген қызығушылығым басым болды. Бұған анамның ықпалы зор. Ол мені кітап оқуға баулыды. Әр апта сайын оқыған кітаптарымның тізімін жарға жазып қоятынмын. Мектеп бітірген соң әртіс болуға бел будым. Алғашқы лекпен Якутск қаласындағы мәдениет және өнер колледжіне әртістік оқуға түстім. Бұған дейін Саха академиялық театрында Мәскеудегі М.Щепкин атындағы жоғары театр училищесі түлектері ғана қызмет ететін. Оқу орнындағы қатар-құрбым бүгінде өнер жолында жүрген кәсіби әртістер. Мен колледжден кейін Мәскеудегі Ресей театр өнері институтына түсіп, бес жыл театр және кино режиссері Марк Захаровтың тәлімін алдым. Жоғары оқу орнын тәмамдап, туған өлкеге оралып, Саха театрына режиссер ретінде қызметке орналастым. Әртістіктен гөрі режиссерлік қызметті жан-дүниеме жақын тарттым. Менің қызметім - осы. Бұдан бөлек Еуропа, Орталық Азия елдерін гастрольдік сапарлармен жиі аралаймын.
- Ең алғаш сахналаған қойылымыңыз есіңізде ме?
- Тұңғыш рет сахналаған қойылым “Жалғыз қарағай" драмасы. Туынды ұлт-азаттық төңкеріс тұсында жапон жағына жан сауғалай жырақтаған жауынгерлер тағдыр талайы, Отанға деген үздіккен сағыныш сезімінан сыр ұшығын тартады. Институт қабырғасында жүріп “Предчувствие” спектаклін қойдым. Сәтті шыққан сыңайлы. Себеі осы спектакльмен театр ұжымы бірқатар фестивальдерде жүлдеге ие болды.
- Саха халқы мен қазақ ұлтына ортақ дүниелер бар ма?
- Якутия иелігіндегі ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ атырапта небәрі 500 мыңға жуық халық мекендейді. Санымыз аз. Дегенмен саха халқына тән ұлттық болмыс пен өршіл рух тағдыр мен уақыт тезіне төтеп беруде. Ұлттық салт-дәстүр арқауы сан ғасырдан бері ауыл-аймақта үзілмей келеді, үлкенге құрмет, кішіге ізет, табиғат-анаға жанашырлық, отбасыдағы өзара сыйластық сынды қадірлі ұғымдар қазақ пен саха халқына ортақ екендігі қуантады. Біз даңқты түрік кіндігінен тараған туысқан халықтармыз. Тілдегі ұқсастық өте көп. Саха тілінің 70 пайызы көне түркі тайпаларынан енген сөздерден құралған. Ресейдегі Башқұртстан, Татарстан, Алтай секілді бауырлас елдердің бірқатарында болдым. Біз Таңыраға табынып, құлшылық жасаймыз. Тенгриандық дінді ұстанамыз. Мәселен жаз мезгілі шілде айында Табиғат-анаға құрмет көрсету, ырыс-несібе, молшылық тілеу ниетімен Ысыах мерекесі тойланады. Саха ұлты тұлпар тұяғының дүбірімен ұлан-ғайыр даланы жаудан қорғаған жауынгер баба ұрпақтары. Табиғаты қатал тундрада мекен еткен якутиялық жылқы түлігі аса төзімді мініс көлігі, сондай-ақ ұлттық асымыздың өзегі. Қазақ халқы секілді ет пен сүт өнімдерін тұтынамыз. Мәселен, жаңа сойылған құлын етін тұздап шикілей ұсынамыз, ал ішекке тоғытылған қаннан жасалған "хаан" шұжықтарының дәмі тіл үйіреді. Саха мен қазақ халқының түп төркіні бір екендігіне тағы бір дәлел жеті буынға жетпей қыз алыспау салтындағы сабақтастық. Біздер руға емес, ұлыстарға бөлінеміз. Әр ұлыстың тілдік диалектикасы мен тұрмыс салты сәл өзгешелікке ие.
- Жаһандану нөпірінде туған тіл және ұлт тағдыры туралы толғанысыңыз туындыларыңызда қалай көрініс табады?
- Ұлттық театрда сол ұлттың тілі салтанат құруы тиіс. Мен қай елге келсем де қойылымды сол ұлттың тілінде сахналағанды жөн көремін. Сол елдің тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін зерделеймін. Кей елдердің ұлттық театрында жағдай мүлдем басқаша. Бұл ұлттық қасірет. Тіл тағдыры - ұлт тағдыры. Тіл өшсе, халқы бірге өшеді. Қазіргі таңда саха тіліне құрып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Газет-журналдар, көркем әдеби жинақтар өз тілімізде жарық көреді. Телеарналар мен бағдарламалар саха тілінде сайрайды. Саха тілінің қоры бай, әуезді, мақамы ерек. Осы тұста Саха әдебиетінің көрнекті өкілдері А.Е. Кулоковский мен Платон Ойунский шығармашылығын ерекше атап өткім келеді.
Мен ұлт тағдырын теңдесіз туындыларына арқау еткен халық ақыны Иван Гоголевтің "Дыгын Дархан" драмасын осыдан он бес жыл бұрын сахналадым. Бұл өз кезеңінде кеңестік цензура сүзгісінен өтпей, қудалауға тап болған құнды мұра. Туынды Саха халқының бірлігі мен азаттығын аңсаған жаужүрек Дыгын батыр тұлғасы және оның аңсар-мұраты хақында. Әдеби жәдігердің қолжазбасын қолға түсіру мүмкін болмады. Мен бізге жеткен үзік-үзік нұсқаларды жалғап, біртұтас дүниені құрап шықтым. Спектакль күні бүгінге дейін Саха театрында сахналанады. Көрермендер сұранысына ие.
Біздің театрдағы барлық қойылым якут тілінде. Тіпті кей әртістер орыс тіліне шорқақ. Өз басым Мәскеуге оқуға түскенде орысша жетік білмейтінмін. Ым-қимылмен меңзеп, тәлімгерлермен түсінесетінмін. Бірде ұстазым Марк Захаров " Сергей бұлай болмайды. Оқуды терең түйсіну үшін орыс тілін меңгеруің шарт" деді. Осылайша орыс тілін үйреніп кеттім.
- Сергей мырза, қазақ театрымен таныстығыңыз турасында әңгімелесеңіз?
- Қазақ театр өнерімен өзара серіктестік, жарасымды жалғасын тапқан махаббат хикаясы Қазан қаласында өткен Айболат Сексенбаевпен (Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық театрының директоры) кездесуден кейін өріс алды. Сол кісінің арнайы шақыртуымен қазақ жеріне сапарлап келдім. Қазақ өнер ордаларында бес қойылымды сахналадым. Алғаш рет А.Чеховтың әйгілі "Шие бағы" пьесасы "қазақы" қалыпта көрермен қауымға жол тартты. Әу баста әртістер мұндай шешімде екұдай сезімге бой алдырғанымен, қойылым тартымды әрі ұтымды шықты. Еуропа классикасын өңін айналдыру арқылы өз мәдениетіне меншіктеу жапон драматургиясында жиі ұшырасады. Сондықтан жаңашыл идеяларды тәжірибе жүзінде дендеп ендіруге үрікпеу керек.
- Қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығымен таныссыз ба?
- Мен соңғы кездері жұмыс бабымен ғана кітап оқиды екенмін. Өкінішке орай қазақ көркем әдебиетінің әйгілі классиктерін есімін есіткеніммен, шығармашылығымен таныс емеспін. Мен Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлының өмір жолы және шығармашылығымен жете таныстым. "Шыңырау" повестінің желісімен сахналанған қойылым жоғары бағаға ие болғаны мәлім. Көркем сөз мәйегі тұнған туындыны сахнада сомдау оңай дүние емес. Мен апталап үйден шықпадым. Қалың повесті қаузап, ой өзегін ою, кесек, ауыр, астарлы ой маржандарын сүзіп алу, оны сахна бейнесіне айналдыру маған ауыр тиді. Өмірлік пәлсапасы мол туындыға кез келгеннің тісі батпасы белгілі. Мен сол тұста еріксіз Еңсеп бейнесіне ендім. Өзімді Шыңырау тұңғиығына тынымсыз бойлаған жан секілді сезіндім. Мен жұмыс бабымен жанұямнан жиі жырақтап кетемін. Жалғыздықты серік еткелі біраз жыл болды. Еңсеп бойындағы үрей, ақыр түбінде түпсіз тұңғиыққа жұтылып, жоқ болып кету сезімі санамда сейіл құрды.
- Жаңа қойылым жайында сөз қозғасақ?
- Бұл менің биылға жоспарланған бесінші спектаклім. Хорватияда, Сахада, Татарстанда бірқатар қойылымдар сәтті шықты. Енді Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында қыркүйек айында Гарсия Лорканың әйгілі "Қанды үйлену тойын" сахналаймыз. Бұл менің тарапымнан театр актрисаларына жасалған сый-құрмет деуге келеді. Себебі кіл нәзік жандылар өз өнерін көрсетеді. Жалпы әлемдік драматургияда ер адамдарға үнемі басымдық беріледі. Кейіпкерлері кіл әйелден құралған пьесалар саусақпен санарлық қана. Солардың бірі Лорканың "Қанды үйлену тойы".
- Сергей мырза, шығармашылық тоқырауға тап келген кезеңдеріңіз бола ма?
- Мен өзімді өнердегі кәсіби спортшы ретінде сезінемін. Өз-өзімді қамшылаудан жалыққан емеспін. Мен үшін торығу жеңіліспен пара-пар. Сондықтан әркез ізденіс, ой, талдау үстіндемін.
- Алдағы жоспарыңыз қандай?
- Келер жылы Мәскеуде "Азия театрын" құруды көздеп отырмын. Демеушілер қолдау танытса, керемет жоба жүзеге асқалы тұр.
- Оқырмандарға тілегіңіз?
- Барша маңғыстаулықтарды жаңа қойылымның тұсаукесеріне шақырамын! Табысты болыңыздар!
Сұхбаттасқан Голрох Жеменей