Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күніне орай барлық мешітте Құран хатым дұғасы жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бас мүфти бастамасымен орындалған игі іске барлық өңірдегі мешіт бірыңғай үн қосып, жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де бір мезетте Құран оқып, қазаға ұшыраған марқұмдардың рухына бағышталды.
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өткен іс-шараға өңірдің бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы қатысып, Құран хатым дұғасын жасады.
«Жамбыл облысында болған оқиғада жан тапсырған жандардың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын. Алла оларға жұмақты нәсіп етуін тілейміз», - деді Әнуар Ізімбайұлы.
Қазіргі таңда қайғылы оқиға орнына барлық өңірден гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.