Жаңаөзен қаласының тұрғыны Орынбасар Халмұратов бірнеше жыл бұрын темірден түрлі тұрмыстық бұйым дайындайтын цех ашқан. Қазіргі таңда он адамды жұмыспен қамтып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ол "Шебер" цехін құрып, 2009 жылы дәнекерлеуші етіп інісі Жандосты жұмысқа қабылдайды. Ағайындылар темір есіктерді, орындықтарды және өзге де бұйымдарды өрнектеп, сатылымға шығарады.
«Біз жасаған бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Тапсырыс берушілердің қатары күн санап артып жатыр. Темірден ғажайып дүниелерді дайындау шеберлігі әкемізден дарыған», - дейді Орынбасар Халмуратов.
Шебер жігіттердің әкесі Қайыпбай ұзақ жылдар бойы асфальт төсеу мекемесінде дәнекерлеуші болып еңбек еткен. Күнделікті өмірге қажетті бұйымдарды өзі әзірлеген екен. Бүгінде ұлдары әке жолын жалғастырып, елдің алғысына бөленіп жүр.
Ал Жандостың арманы - болашақта кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашу. Ол үшін жобалары да дайын тұр.