Кеше Мәжiлiс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин өңірге сапары аясында Бейнеу ауданының сайлаушылары, ауыл шаруашылығы қожалықтарының төрағаларымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары облыстағы газды сату және тарату бойынша мәселенің шешіліп келе жатқанын, қуаңшылық жағдайында төтенше жағдай жарияланбаса да 1 млрд 900 теңге қаржының қазынадан бөлінгенін, аймақ ішіндегі экологиялық және құрылыс жұмыстарының қадағаланып жатқанын тілге тиек етті.
«Nur Otan» партиясының «Әр адамға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы бар. Бес жылға жасақталған, қазіргі таңда бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Әр депутат осы жұмыстарды қадағалап, жұмыстың орындалуын бақылайтын болады. Мәселен, Еділ Терекбайұлы Маңғыстау, Атырау, Оралдағы 3-5 зауыттың жұмысын назарға алып, ондағы проблемаларды шешуге атсалысады. Ал мен республикадағы 17 млн шаршы метр құрылыстың салынуын қадағалауға міндеттімін. Маңғыстау облысында ауылішілік жол 94,5 пайыз, газ мәселесі 99,8 пайыз, электрэнергия мәселесі 96,7 пайыз қамтылған. Облыстағы негізгі мәселе – су тапшылығы. Бұл ретте де біршама жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - дейді ҚР парламенті Мәжілісі депутаты Самат Базарбайұлы.
Іссапар аясындағы бағдарламаға сәйкес Бейнеу ауданындағы әлеуметтік, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелермен танысу мақсатында тұрғындарға сөз берілді.
Осы ретте Бейнеудегі шаруа қожалығының иесі Қанағат Темірхан бұрын тіркелмеген малдарды «жасыл коридор» арқылы тіркеп, өтемақы алуға енгізуді сұрап отыр. Содан кейін су, электрпанелдері, көшіп-қону вагондарын шаруашылыққа жеңілдетілген есепте болғанын қалап отыр. Айтуынша, қуаңшылыққа байланысты бір жерде отырып, мал бағу қиын болып тұр.
Бұл ұсынысқа Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «жасыл коридор» жобасы еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Мал басын 1 қыркүйектің соңына дейін тіркеп, үлгеру керек. Егер тіркелсе, түйе басына 40 мың теңге, жылқы мен сиырға 30 мың теңгеден берілсе, қойға 5 мың теңгеден өтемақы беріледі. Егер межелі уақытқа дейін тіркелмесе, жем-шөпке берілетін өтемақыдан құр қалатынын айтты.
Сонымен қатар бейнеулік шаруа қожалықтарды алаңдатып отырған мәселенің бірі - жем-шөп алғаны туралы түбіртектің сұралуы. Алайда ауданда сатып алынған жем мен шөпке түбіртек беретін жеке кәсіпкерлер жоқ. Аудан тұрғыны Қанағат Темірхан осы сауалды жолдап, мәселенің шешілу жолын сұрады.
«Бұл мәселе жергілікті жерде шешілуі тиіс. Енді мен ұсыныс айтайын, мына жерде ауыл шаруашылығын жақсы білетін ауданның мәслихат депутаты отыр, Бейнеу аудандық «Nur Otan» партиясының бірінші орынбасары бар. Сол екі маманға тапсырма берейік және ауыл шаруашылығына қатысты жұмыстармен айналысатын аудан әкімінің орынбасары, ауданның ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы бас қосып, ережені тағы қарап, дұрыс алгоритм жасасын. Аталған алгоритм барлық кәсіпкерге бірдей болуы шарт. Артық қағаз сұрамауы керек, мал басын тіркеу, 700 мыңдық субсидия мәселесі жауапты әрі тиянақты түрде шешілуі керек. Мұндай мәселелер Парламентте емес, облыстық, аудандық деңгейде қаралып, тиісті шаралары қолданып, шешілуі қажет», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ бейнеулік сайлаушылар тарапынан Бейнеу политехникалық колледж ғимаратын салу, сот медициналық-сараптамалық орталықтың бөлімшесін ашу сияқты ұсыныстар айтылды.
Ал депутаттардың айтуынша, аталған ұсыныстар алдымен жергілікті билік тарапына және жауапты мекемеге жолдануы тиіс. Содан кейін ғана мәселенің әрі қарай шешілуіне мүмкіндік болады. Сонымен қатар жергілікті деңгейдегі мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттарына сауал немесе ұсыныс жолдауға болатынын ескертті.
Еске сала кетейік, өткен аптада Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршиннің Маңғыстауға іссапары басталған болатын. Осы уақыт аралығында өңірдегі қуаңшылыққа қатысты жиналыс өткізіп, жасанды жолмен жаңбыр жаудыру әдісін қолдануды ұсынды. Бағдарламаға сәйкес Жаңаөзен қаласы, Қарақия, Мұнайлы аудандарының тұрғындарымен және мұнайшылармен кездесу өткізді. Сонымен қатар Шетпе кентіндегі тас карьеріне, партияның республикалық жол картасына енген Ақтаудағы екі білім беру ұйымына және Ақшұқыр кенті жанындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына және тағы басқа нысандарға барып, жоспарға сәйкес жұмыстардың орындалуын қадағалаған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА