Маңғыстаулық тұрғын Үміт Бектұрғанова ешкі сүтін сатып, табыс табуда. Оның ендігі мақсаты - асыл тұқымды ешкі санын көбейтіп, сүт өнімдерін нарыққа шығару, кәсібін кеңейту.
Үміттің кәсіпкерлікке қадамы 2019 жылы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының "Бастау" бағдарламасынан бастау алды. Яғни, аталған бағдарлама аясында бір ай бойы білім алған. Кейін 2020 жылы 552 630 теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болады.
Осылайша ол мемлекеттік грантты тиімді пайдалану мақсатында Ресей Федерациясынан асыл тұқымды ешкілерді сатып алып, ешкі шаруашылығымен айналысады.
Үміт ешкі шаруашылығымен айналысу өте қолайлы, өйткені ешкі тез көбейеді, сүтті мол береді, оның ешкі сүтінің емдік қасиеті орасан зор екенін айтып отыр.
Үміт Бектұрғанова көпбалалы отбасыда дүниеге келді. Оның ата-анасы да малшаруашылығымен айналысады. Бес ағайынды Үміт Сенекте тұрып, кішкентайынан еңбекке араласып, қой қайырып, қозы бағып өскен. Негізгі мамандығы дене шынықтыру және спорт мұғалімі болса да мал шаруашылығы кәсібін алға жылжытып отыр.