Қазақтың ұланғайыр даласындағы Баянауыл, Жетісу, Сарыарқа, Ұлытау және өзге де қасиетті, киесі мол жерлердің қатарында өзіміздің Маңғыстау өлкесі де бар. Өкінішке орай, биылғы жыл қазыналы Маңғыстау өңірі үшін оңай болмады. Бүкіл әлемге таралған қауіпті індеттен бөлек, қуаңшылық белең алып, төрт түлік малдың жайылымы қурады.
2020 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге халықпен бірге бізде кішігірім көмегімізді жіберген едік. Енді бүгін басымызға түскен жағдайды естіген көптеген қазақ азаматтары асар шақырып, халықты ұйымдастырып, Маңғыстау жұртына қол ұшын созып, қолдау білдіріп жатыр. «Бірлік түбі – береке» деген осы болар. Еліміздің түкпір-түкпірінен шөп шауып, оны жеткізумен айналысып жүрген барша азаматтарға шексіз алғыс айтамыз.
Ерекше рахметімізді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына білдіргіміз келеді. Осындай қысылтаяң кезеңде дін қызметкерлері мен жамағатты ұйымдастырып, «Қиындықта ел бірге» арнайы қайырымдылық жобасын жүзеге асуына мұрындық болды. Соның нәтижесінде облысымызға 20 вагон шөп жеткізіліп, мұқтаж жандарға үлестіріліп жатыр.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы бастаған жергілікті дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен жыл басынан бері құрбандық шалынып, өңіріміздің мешіттерінде қуаңшылық жағдайына байланысты, тасаттық (истисқа) намазы оқылып жатқанын да тілге тиек еткіміз келеді.
Қазақ даласы қашаннан елім дейтін ерлер мен халқым дейтін атымтай жомарт азаматтарға кенде болмаған. Бойындағы күш-жігерін дарқан көңілімен ұштастыра отырып, оны парасат-пайыммен жұмсау арқылы әлсізге демеу, қорғансызға қамқор болу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Бас мүфтидің жетекшілігімен осы уақытқа дейін «Жан жылуы», «Аялы алақан», «Өмірге үміт сыйла», «Қайырымдылық керуені», «Мектепке жол», «Көшпелі керуен», «Бір біргеміз» және т.б. қайырымдылық жобалары мен іс-шараларының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанына Маңғыстау халқы куә.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «… туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деп айтқан болатын.
Осы орайда, халқымыздың «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл-өсиетін басшылыққа ала отырып, туған жері ғана емес, елінің бекем болашағы мен кемел келешегі үшін Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлының ерекше бастамасына атсалысқан облыс имамдарына, барлық дін қызметкерлеріне және жамағатқа Маңғыстау халқының және ақсақалдарының атынан дән ризалығымызды білдіріп, шексіз алғыс айтқымыз келеді!
Пенденің емес, Алланың разылығын ойлайтын сіздердей азаматтар көп болсын! Алла баршаңызға дініміздің, халқымыздың және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге күш-қуат берсін. Алла разы болсын!
Маңғыстау ардагерлер кеңесі