Жыл соңына дейін Ақтаудағы 12 мектептегі 20 кабинетті заманауи үлгіде жабдықтау жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жалпы қала бойынша 25 мектепте 25 химия, 16 физика, 26 биология, 5 stem кабинеттері бар. Оның 8,3 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталған. Бұл өте аз. Өйткені білім сапасын арттыруда сапалы және заманауи кабинеттермен жабдықтау мәселесі маңызды. Биыл Ақтаудағы 12 мектептің 20 кабинеті заманауи үлгіде дайындалып жатыр. Осылайша, кабинеттерді жабдықтау көрсеткіші қала бойынша 35% жеткізілді», - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Жабдықтау жұмыстары желтоқсан айына дейін аяқталады. Оған зертханалық және көрсетілімдік жабдықтар, мультимедиялық бағдарламалар, интерактивті тақталар, электронды оқу құралдар, виртуалды зертханалар, механикалық, электромагниттік және оптикалық құрылғылар орнатылады.