Маңғыстау облысынан 11 мыңға жуық педагог Тамыз конференциясына қатысты. Конференцияның пәндік сессиялары NIS-тің орталық кеңсесіндегі екі телестудия арқылы тікелей эфирде ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
9-17 тамыз аралығында өткен дәстүрлі тамыз конференциясы елдің түкпір-түкпірінен 45 мыңға жуық педагогтың басын қосты. Аталған конференцияда қазақ және орыс тілдерінде он бес пән бойынша тақырыптық сессиялар мен кітапханашылар сессиясы жоспарланған. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, жетекші және пилоттық мектептердің педагогтері онлайн форматта вебинарлар, шеберлік сабақтар мен презентациялар өткізді, халықаралық сарапшылардың эксперттік пікірлері ұсынылды, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын білдірді. Қазіргі таңда педагогтер үшін ең өзекті басымдықтардың бірі – пән аясында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ ағымдағы және қорытынды бағалаудың форматы мен мазмұны.
Ұстаздар пәндік сессияларға қатысып қана қоймай, өз сауалдарын шеберлік сағат иелеріне жолдап, жауап ала алды. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданына қарасты №3 мектептің математика пәні мұғалімі Хамид Хожбанов функционалдық сауаттылық мәселесі орынды көтерілгендігін айтты.
"Тамыз конференциясында көтерілген ең маңызды мәселелердің бірі бала бойында функциональдық сауаттылықты қалыптастыру. Бұл мәселе өте өзекті деп есептеймін. Себебі, бала алған білімін қалай және қай салада қолдана алатындығын меңгеру маңызды. Ұстаз ретінде біздер соңғы екі-үш жылда күнделікті жоспарға функциональдық сауаттылықты арттыру тапсырмаларын жиі қолданып келеміз. Ол бүгін-ертең нәтиже бермесе де алдағы 10 жылда өзінің оң нәтижесін береді деп есептеймін", - дейді тәжірибелі математик.
Тамыз кеңесінде Маңғыстау облысынан тәжірибе бөліскен мұғалімдер де болды. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Жаннұр Мауытова және Ақтау қаласындағы №29 жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Айжан Ұзақбай мәтіндерге салыстырмалы талдау жасау бойынша шеберлік сағатын өткізіп, республикадағы ұстаздарға тәжірибе алмасты.
"Маңызды тақырыпты конференция қатысушыларының назарына ұтымды ұсыну мамандарымен тығыз бірлікте жұмыс істеу нәтижесінде мүмкін болғандықтан, құндылығы жоғары деңгейде бағаланды. Оны шеберлік сыныбына берілген кері байланыс, пікірлерден анық аңғара алдық. Ел ұстаздарына тәжірибе бөлісе алғанымызға қуаныштымыз", - дейді Жаннұр Қалыбайқызы.