ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚР ҚПК 200-бабының тәртібімен енгізген ұсынысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өткізген жиында қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәжілісте Жаңаөзен қаласы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің лауазымды тұлғасына қатысты қызмет бабын өзі және басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу үшін қызмет мүдделеріне қайшы теріс пайдалана отырып, сегіз азаматқа әскери қызметке жарамсыз деген негізбен, жалған мәліметтерді енгізу арқылы әскери билеттер берген заңсыз іс-әрекеті талқыланды.
Сондай-ақ, Департамент тарапынан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар берілді. Онда орын алған заң бұзушылықтар бойынша тиісті бақылау жүргізбеген әскери билетті беру тәртібін қадағалаушы қызметкер мен бөлімге жауапты басқарма басшысының және заңсыз тапсырманы орындаған қызметкердің тәртіптік жауапкершілігін қарау, әскери билетті заңсыз алған сегіз азаматты әскери қызметке шақыру бойынша тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.
Сондай-ақ, жиында Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали заңнамалық өзгерістердің қатаңдатылғанын айта келе, пара берушілер де, пара алушылар да, оларға делдалдық қызмет көрсеткендердің де жауапкершілігі бар екенін ескертті.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы алдағы уақытта қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындалуына көңіл бөліп, профилактикалық шаралар жүргізілетінін жеткізді.