Маңғыстау облысының «Құрық» теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тесттерді қолдан жасап, сатып келген тұрғындар ұсталды.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтты.
«ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы Маңғыстау облысының «Құрық» теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тестілерді қолдан жасап, сатумен айналысқан тұрғындардың әрекетін әшкереледі. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында бір топ адам, оның ішінде осы теңіз портының фельдшері ұзақ уақыт бойы ПТР-тесттерді қолдан жасап, қазақстандықтарға және шетел азаматтарына сатып отырған», - деді ведомстовның ресми өкілі.
Оның айтуынша, 21 жастағы порт фельдшері Қазақстан аумағына шығатын және кіретін жолаушылар үшін ПТР-тестілерді қолдан жасап, сыбайластары арқылы сатқан. Жалған тестілердің бағасы 3 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін құбылып отырған.
«Тұрғылықты жері бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде күдіктіден сатуға дайын 48 жалған ПТР-тест, ноутбук, принтер және тиісті құжаттар дайындауға қажет басқа да техникасы тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның барысында тергеу күдіктілердің қылмыстық іс-әрекетінің нақты ауқымы және мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен адамдардың саны анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігі жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады», - деді Нұрділдә Ораз.