Қазір 5, 8, 9, 13, 28 шағынаудандарын абаттандыру жұмыстары басталып кеткен. Облыс әкімі С.Трұмов жаңартылып жатқан шағынаудандарды аралап шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
5 шағынауданда 50 024 шаршы метр автокөлік жолы, 15 824 шаршы метр жаяу жүргінші жолы және 8 балалар ойын алаңы мен 2 спорт алаңына жөндеу жүргізіледі.
8 шағынаудан бойынша 42 452 шаршы метр автокөлік жолы, 17 944 шаршы метр жаяу жүргінші жолы, 11 балалар ойын алаңы мен 3 спорт алаңы абаттандырылады
«Ал 9 шағынауданның 47 321 шаршы метр автокөлік жолы, 12 813 шаршы метр жаяу жүргінші жолы, 10 балалар ойын және 3 спорт алаңы жөндеуден өтсе, 13 шағынауданда 72 151 шаршы метр автокөлік жолы мен 19 924 шаршы метр жаяу жүргінші жолы жөндеу өтеді. Сонымен қатар сол шағынаудандағы 20 балалар ойын алаңы және 9 спорт алаңы абаттандырылады. 28 шағынаудан бойынша 50 913 шаршы метр автокөлік жолы, 26 352 шаршы метр жаяу жүргінші жолы, 14 балалар ойын алаңы және 7 спорт алаңы жаңартылады», - дейді Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған жұмыстарға барлығы 650 адам, 120 техника жұмылдырылған. Айта кетсек, былтырдан бері Ақтау қаласында жылдар бойы жөндеу көрмеген шағынаудандарды абаттандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жыл соңына дейін 2, 6, 7, 12, 26 және 27 шағынаудандарға толығымен кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыстары аясында 67,2 шақырым автожол салынып, 45,8 шақырым жаяу жүргінші жолдары төселді. 63 дана балалар ойын алаңы мен 22 спорт алаңы толықтай жаңартылды.
Былтыр жөндеу жұмыстары қазына қаражатынан жасалса, биыл абаттандыру жұмыстары NCOC мекемесінің демеушілігі есебінен жүргізіліп жатыр. Келер жылы да тағы 5 шағынаудан жөнделеді деп жоспарланып отыр.
Жұмыс барысын аралап көрген облыс әкімі жауапты мамандарға сапаға мән беруді тапсырды.
«Бұл - халық көп күткен жоба. Жылдар бойы жөндеу көрмеген шағынаудандардың ішкі жөндеу жұмыстары халықтың ұсыныс тілектерін ескере отырып жасалуы керек. Асығудың қажеті жоқ. Бастысы сапасына мән беріңдер»,-деді С.Трұмов.