Бүгін Маңғыстау жастар орталығында mangystauzhastary.kz интернет порталы іске қосылып, Жастар студиясы ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен облыс әкімі жастар орталығының жұмысымен танысты. Осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан «Jastar Books», «Кеңес алаңы», «Lectorium» сынды жобалардың негізгі мақсаты айтылды.
Содан соң облыс әкімі Жастар студиясының ашылуына қатысты. Студияның алғашқы қонағы ретінде сұхбат беріп, жастарға сәттілік тіледі.
«Жастар студиясы фото және видео форматта өнім дайындауға мүмкіндік береді. Студия іші әртүрлі тематикалық қабырғамен жабдықталған. Түрлі жобалар мен лайфхактар, кәсіби кеңестерге толы бағдарламалар, подкаст пен поэтикалық кештердің түсірілімін түсіруге арналған алаң. Студияны пайдалану үшін сайт арқылы алдын ала өтініш жазуы керек», - дейді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Абылай Фазылбек.
Ал mangystauzhastary.kz интернет порталының ерекшелігі – мұнда кез келген жас және жастар ұйымы жаңалықтар ұсына алады. Сайтта күн сайын жастарға арналған бос жұмыс орындары жаңартылады. Сонымен қатар сайт арқылы Волонтерлар корпусына мүшелікке қабылдану және жастар үйі ғимаратындағы «Арман» коворкинг орталығын пайдалану үшін де өтініш жіберу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, аталған шара Жастар күні және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер МО Жастар орталығынан