Қуаңшылықтан зардап шегіп отырған Маңғыстау өңіріне жетісулықтар мал азығын жөнелтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ескелді ауданына қарасты бірнеше елді мекен тұрғындары бірігіп, биыл шабылған көпжылдық шөптің бес вагонын лық толтырып жіберді. Бұл шамамен 70 тонна азық. Бірлігі жарасқан ауыл халқы алдағы уақытта тағы да шөп жинап жөнелтуге дайын. Биыл аудан шаруалары 5400 гектарға жоңышқа сеуіп, шөп ору науқанын ойдағыдай өткізіп келеді.
«Ауылдағы халықта малдан басқа не бар? Малынан айырылды деген сөз, жанынан айырылды дегенмен бірдей. Соған елім деп, осындай азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аталарымыз, інілеріміз осылай бірігіп жатырмыз», - деді Ескелді ауданына қарасты Қайнарлы ауылының тұрғыны Шалқар Бекен.