Ұлы Абай ұлтымыздың руханияты мен мәдениетінің шырқау шыңы. Ілімі – рухани жаңғырумен, даналығы – бүгінгі күннің өмір ақиқатымен үндесіп жатыр. Артында қалған асыл мұра – шығармалары сананы оятып, көңіл-күйді ғажап сезімге бөлеп, тазаруға, кемелденуге бастайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды... Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы XXI ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады», - деп жазған болатын.
Абай сөзінің өзектілігі, шығармаларының құндылығы ұлы даланы жайлаған елімізді ғылым-білім иелеу арқылы өркениет төріне озуға үндеуінде. Өмір көшінде өнер иелеп, ғылым-білімді терең меңгеріп, сол арқылы алға өрлеудің артықшылығын дәріптеуінде. Осы орайда ақынның көпшілігіміз мектеп қабырғасында жүрген кезімізден жаттап өскен «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін алып қарайықшы. «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол. Адам болам десеңіз, тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз, Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ - Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой - Бес асыл іс көнсеңіз... Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деп жазады ақын. Жастарды ғылым иелеуге шақырған терең ойын «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл гүл» деп түйіндейді. Ұлы ақын жастарды ғылым алуға шақырған даналық ойын «Пайда ойлама, ар ойла» атты өлеңінде «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге...» деп одан әрі тереңдете жалғастырады. Ол осылайша өз заманында, яғни отарлаушы ел ұлы даланы жайбарақат жайлаған халқымызды отарлауға барын салып жатқан кезінде айналаны тұмшалаған қалың тұманды серпіп тастап, болашаққа бастайтын жарық сәуле өнер мен ғылымда екенін айтады. Өзбек халқының зерттеуші ғалымы, профессор А. Саадидің «Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай - қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойшылдардың ең біріншісі» деп баға беруі де сондықтан.
Ұлы Абайдың әрбір сөзінде ұлылық ұлағаты тұнып тұр. Ол асыл мақсаттарға арналған сөзін көңілінің көзі ашық, ойы сергек жастар үшін жазды. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Бұл сөзді тасыр ұқпас талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін» деп жазған ғибратқа толы өлең жолдарынан біз осыны ұғамыз. Ал ақынның «Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық – бұл-қайраттан шығады білсең керек. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген өлең жолдары жастарға кемел, толық адам болуға жол сілтейді.
«Халқымды өркениет төріне жеткізсем» деген ұлы ақын өзі күнде көріп жүрген тұрмыстағы надандық, мақтаншақтық секілді бірқатар ұнамсыз көріністермен келіспейтінін анық байқатады. Ақынның бұл ұстанымын «Сегіз аяқ» атты өлеңіндегі «... Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ. Күлкішіл кердең наданның, Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды – Әдеті надан адамның. Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз. Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде. «Жігерлен, сілкін – Қайраттан, беркін» деп насихат бергенде; Ұятсыз, арсыз салтынан, Қалғып кетер артынан. Аулаққа шықпай, Сыбырлап бұқпай, Мейірленбес еш сөзге. Пайдасыз ақыл – Байлаусыз тақыл, Атадан бала ойы өзге. Санасыз, ойсыз, жарымес, Өз ойында-ар емес. Тасыса өсек, Ысқыртса кесек, Құмардан әбден шыққаны, Күпілдек мақтан, Табытын қаққан, Аңдығаны, баққаны, Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой. Болмашы кекшіл, Болсайшы көпшіл, Жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, Болымсыз қыл-жаң, Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей. Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп, ойлап, мал ізде. Адал бол-бай тап, Адам бол-мал тап, Қуансаң қуан сол кезде. Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос...»,- деген жолдарынан анық байқаймыз. Надандықтың себебінен мақтанумен өтетін өмірге көңілі толмағанына, жігерленіп, кәсіп қылуды жаны сүйгеніне көз жеткіземіз. Ал «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңінде «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың... Бас- басына би болған өңкей қиқым, Мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын...», - деп, халқымыздың елдік пен бірлікке көлеңке түсіретін мінезін аяусыз сынға алады. Ол осылайша елдің берекелі болуын армандайды. «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл! Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл! Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел. Берекелі болса ел, Жағасы жайлау ол бір көл... Берекесі кеткен ел- суы ашыған батпақ көл...» дей келе, елдің берекелі болуына үндейді. Бұл үшін елді бір кемел адамның басқаруы дұрыс екенін нұсқайды.
Жалпы, Абай Құнанбайұлы өмірде адал еңбек, терең ойдың иесі болу, елдік пен бірлікті сақтау маңызды екенін айтып өткен. Бұл ұстанымы барлық өлеңдері мен қара сөздерінен анық көрінеді. Олардың арасында «Он сегізінші» қара сөзіне үңілейікші. «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин, өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ-кербездің ісі. Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі-бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүріс-тұрысын, қас-қабағын қолдан түзеп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі-атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ. Мұның бәрі-масқаралық, ақымақтық. Мұны бір адам ойламасын, егер де бір ойласа, қайта адам болмағы қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де-ақымақтық» деп жазған ұлы ойшыл бұл еңбегінде.
Ұлы ойшыл адал еңбектеніп, өнер мен ғылым-білімді терең игеріп, сол арқылы биіктерді бағындыруға талпыну маңызды екеніне баса көңіл бөлген. Бұл түсінік бүгінгі таңда бұрынғыдан да өзекті бола түскенін көріп жүрміз. Заман мың құбылып тұрған бүгінгі күрделі дәуірде ақын атамыз айтып кеткен сөздерді зерделей отырып, ғибратын терең ұғынуымыздың берер пайдасы мол болмақ. Оқыған сайын ойымыз тереңдеп, санамыздың көкжиегі кеңейе түспек. Сондықтан Абайды оқу тек бір күнмен шектелмегені жөн. Өмір бойы, күн сайын оқығанымыз дұрыс. Оқи отырып, Абай бізден не күтті? Бойымыздағы қандай әдеттерді өрістетіп, қандай әдеттерден арылуды аманаттады? Кемелденген толық адам болуымыз үшін қандай міндеттерді жүктеді? Осылардың барлығын ой елегінен өткізіп, ұлы ойшыл атамыз армандаған деңгейге жету үшін талпынғанымыз жөн. Сонда ғана ұлы Абайдың ғибратты сөздерінен өнеге, ұлылық ұлағатынан таусылмас нәр алған ұлт ұрпағы екенімізді бүкіл әлемге паш етеміз. Ең бастысы өркениет төрінен ойып тұрып орын алуға қол жеткіземіз.
Абай жолына көз жіберіп, ұлылық ұлағатын санамызға сіңіруге арналған мақаламызды Елбасы Н.Назарбаевтың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деп, ақын мұрасының ұлтымыз үшін мәңгілік мұра болатынын айқындаған өнегелі сөзімен аяқтағалы отырмыз.
Қартбай ҚОЖАЕВ