«Шекарасыз математика» халықаралық турниріне Ақтау қаласының №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің 9 оқушысы қатысты. Олардың сегізі - бірінші сынып оқушылары болса, біреуі - үшінші сынып оқушысы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Елімізде 8 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық турнирге осыған дейін 40 000-нан астам оқушы қатысып, бағын сынаған.
Ақтау қаласынан қатысқан бірінші сыныптың үш оқушысы қола медальға ие болды. Олар Қажымұқан Азберген, Болат Марат және Ақсындар Талап. Ал басқа қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Оқушылардың білім сайысындағы жетекшісі Гаухар Амантайқызының айтуынша, оқушылардың бұл додаға қатысқаны - №11 мамандандырылған физика-математика мектебі үшін де, Маңғыстау өңірі үшін де үлкен жетістік.
Айта кетейік, білім жарысы Болгария мемлекетінде ұйымдастырылған «Достық» олимпиадасынан бастау алды.