«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасының 2021-2025 жылға арналған жол картасын жүзеге асыру мақсатында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Экологиялық қоғамдық кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
⠀
Отырысқа кеңес мүшелері, МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Д. Еңсеген, МО бойынша экология департаменті басшының орынбасары С. Хансейтов, Экологиялық қоғамдық кеңесі отырысының жетекшісі Ә. Қозыбақов онлайн және офлайн форматтаа қатысты.
⠀
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: рұқсат етілмеген үйінділерді жою және үйінділердің пайда болу мүмкіндігін азайту жөніндегі шараларды күшейту және барлық ауылдарда қоқыс жинау және құрамында сынап бар қалдықтарды жинау үшін контейнерлер орнату.
- 2020 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс бойынша 148 рұқсатсыз орналастырылған қалдық орындары анықталып, 129 нүктесі жойылды, 11 нүктесі жабылған тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының аумағы екені белгілі болды. 2021 жылдың басында анықталған 141 рұқсатсыз орналастырылған қалдықтар орындарынан 108 нүкте жойылды. 2021 жылдың II жартыжылдығында тағы да 103 рұқсатсыз орналастырылған қалдықтар орындары анықталып, бір ай мерзімде жою тапсырылды. Жойылғаны 6 нүкте, - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Д. Еңсеген
Динара Еңсегеннің айтуынша осы жылы қоқыс орындарын жою барысында Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ұсынуы негізінде Экология департаментімен 6 жауапты лауазымды тұлғалар мен 56 жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
⠀
Облыста санитарлық талаптарға сәйкес келетін жобамен салынған 7 тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) көму полигоны бар. Олар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында және Мұнайлы ауданының Баянды ауылында, Қарақия ауданының Жетібай, Құрық ауылдарында, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында орналасқан.
Ақтау қаласының әкімдігі 2021-2025 жылдары Ақтау қаласының өсуіне және қолданыстағы контейнерлердің тозуына байланысты қосымша 25 дана контейнер сатып алуды жоспарлап отыр.
Қазір облыс бойынша 13 083 дана ТҚҚ-тар контейнерлері бар, әлі де 14 000-ға жуығы (48%-ды құрайды) қажет.