Бүгін ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Ауыл тұрғындары дауыс беріп, өз таңдауын жасауда белсенділік танытуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақшұқыр ауылындағы 237 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген ардагер ауыл әкімдерін таңдауды халыққа бергені құптарлық іс деп отыр.
"Бізге халыққа жақын, қызмет ететін, іскер азамат керек. Бүгінгі ауыл сайлауы құптарлық та қуанарлық жағдай. Сондықтан мен ел Президентіне алғыс айтқым келеді. Сайлаушылар, ауыл әкіміне үміткерлер жас, біздің болашағымыз, келешегіміз. Осы ретте мен өз дауысымды беріп келе жатырмын. Сіздерді де дауыс беруге шақырамын", - дейді ауыл тұрғыны.
Ал Сам ауылының белсенді азаматы Аманкелді Байсейтов сайлау учаскесіне ерте келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар азаматтарға сәттілік тіледі.
Қызандықтар да ауыл әкімін сайлауда жауапкершілік танытып отыр.
"Бұл енді ел бойынша бірінші рет өткізіліп жатқан сайлау ғой. Қазір ауыл әкімдеріне халықтың көңіл толмайды, сондықтан Президентіміз "таңдауды халық жасасын" деген дұрыс шешім қабылдап отыр. Мұның бәрін жақсылықтың нышаны деп ойлаймыз. Сайлаған адам жауапкершілік сұрайды, ал сайланған адам жауапкершілігін сезініп, жұмыс істейді деген үміттемін", - дейді ауыл тұрғыны Елшібек Мизанбаев.
"Соңғы кезде үкіметтің саясаты өзгерді ғой. Ауыл әкімдерін сайлауды халықтың өзіне берді. Бұл саясат негізінен дұрыс шешім деп ойлаймын. Шындығында ауылдың қамын ойлайтын, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына үңілетін ауылдың әкімі ғой. Қазір ауылдағы мәселе нобайлап шешіліп келе жатқан сияқты. Жол мәселесінен басқасы. Ең басты мәселе - тәртіп. Енді сайланған адам осы тәртіпті, сосын тазалықты қолдаса деймін", - деп пікірін білдірді ардагер ұстаз Жеткіншек Әуелбаев.
Ж. ҚАЛИЕВА