Маңғыстау облысында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланбайды. Бұл туралы дөңгелек үстелде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
15 маусымнан бастап осы уақытқа дейін өзге облыстардан 88 816 түк шөп, 7 250 түк жоңышқа және 1 664 рулон шөп келген. Ал өңірде жыл басынан бері 424 тоннадай шөп шабылған. Жергілікті шаруа қожалықтары болса тегін шөп пен жемнен гөрі құнары мол жем-шөпті қолжетімді бағада беруді сұрап отыр.
Осы ретте жергілікті жерде шабылған 1 түк шөптің бағасы – 900-1 400 теңге, 1 рулон шөп – 12 000-18 000 теңге болса, 1 қап жем – 1 600-1 800 теңге. Ал сырттан келетін 1 тук шөп (20 кг) – 1 100 тг-дан, 1 орама (300 кг) шөп – 16 000 тг-ден сатылатын болады.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысының Байғанин, Алға, Темір және Қобда аудандарынан 100 мың га жуық жайылым жері бекітілді. Осылайша Маңғыстау облысының шаруаларына уақытша шабындыққа жер берілген. Алайда жергілікті шаруалар мен азаматтар берілген шабындықтан шөп шабуға бармаған. Ал мұндай жұмыстарды үйлестіру аудан әкімдерінің жауапкершілігінде еді. Осы мәселені облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов сынға алды.
«Үкімет резервінен тек шаруа қожалықтарға ғана емес, жұртшылық шаруашылықтарға да үстемақы беру позициясын ұстандық. Осылайша түгендеу жұмыстарының ұзақтығынан 1,9 млрд теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі Қаржы Министрлігі тарапынан оң шешімін тауып, жұмыстар жалғасуда», - деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
Осы ретте төрт түлік малдың тіркеуге алынуы жөнінде сөз қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, әлі күнге дейін тіркеуге алынбаған төрт түлік бар.
«Малды түгендеу керек. Халыққа қаражат керек болса, төрт түлікті түгендетсін. Ертең қарайған адамның жауапкершілігін билік өз мойнына алмайды. Сондықтан ауылдың әкімі мен ветеринария бөлімінің қызметкерлері барады. Қорасындағы малды түгендейді. Себебі біз малдың санағын осы жылы жүргізіп алмасақ, келесі жылдың жоспарын жүргізе алмаймыз. Қанша мал бар екенін, нақты білмейміз. Ал бізге 76 500 тонна шөп, 37 500 тонна жем қажет. Сондықтан шамамен ай сайын 3 000 тонна шөп келіп отыруы керек», - дейді Ғалымжан Ниязов.
Оның айтуынша, қыста төрт түлікті аман алып қалу үшін 30 666 вагон жем-шөп керек. Ең тиімдісі – шабындыққа шығу, ал тасымал шығынды талап етеді. Сондықтан аудан басшылары, азаматтары мен шаруа қожалықтары бірігіп жұмыс істеуі керек.
Ал жиынға қатысқан ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен қоғам белсенділері өңірде қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялау керек екенін айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ