Бүгін ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринмен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында өңірдегі діни ахуал талқыланып, дін қызметкерлерінің атқарып жатқан әлеуметтік бастамалары сөз болды.
Әнуар Ізімбайұлы Маңғыстау өкілдігінің осы жылы ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, діни ағымдармен жұмыс бағыттары бойынша қызмет атқаратындығын айтып өтті. Соның ішінде, діни оңалту және жат ағымдармен жұмыс, әсіресе «Жусан» операциясымен елге оралған азаматтарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, бас имам өкілдіктің ҚМДБ-ның отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатындағы «Darhan Dala» жобасы аясында тарихи-киелі нысандардың жанында ұлттық құндылықтарымызға негізделген ақпараттық-танымдық, рухани семинарлар ұйымдастыру туралы жоспарларымен бөлісті.