Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Маңғыстау өңірінде экология саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін Маңғыстау облысы экология департаментінде «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне» арналған жиын өтті. Департамент басшысы Руслан Төкенов сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, белсенді жұмыс атқарғандарды, атап айтқанда экология саласының ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жас мамандарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Экология саласының үздігі" төсбелгісі, Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапаттады.
Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының жер қойнауын пайдалану бөлімінің бас маманы Венера Сейтмағанбетова және өмірінің 45 жылын экология саласына арнаған Лидия Быстрицкая Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Экология саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні аясында еліміздің табиғатын қорғау және экологиялық ахуалын жақсартуға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облыстық экология департаментінің экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жұмашев Ержан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Құрмет грамотасымен, ал департаменттің экологиялық реттеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зада Нұрберді министрдің алғыс хатымен марапатталды.
Өз сөзінде департамент басшысы Руслан Төкенов марапат иелерін тәуелсіз еліміздің табиғатын қорғау бағытында аянбай тер төгіп, экологиялық ахуалды жақсарту жолындағы қызметтің жемісін көре беруге жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ, қоршаған ортаны сақтау мен жақсарту жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді.