Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Өткен ғасырдың басында халқымыз зымиян зұлмат зобалаңын бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессия, ашөзек қуғын-сүргін Алаш арыстарын қынадай қырды. Халқымыздың өсімі мен өркен жаюын тежеді, ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін басып-жаншыды. Ұлт қаймақтары өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталды, жазықсыз атылды. Солақай саясат сойқаны, сұм заман қасіреті қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы қаралы таңбадай ел мен ұрпақ жадынан еш өшпек емес.
Елбасының 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр күні – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланған болатын.
Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті.
Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл - тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Қадірлі қауым!
Қадамын анық басып, «Мәңгілік Елдің» іргесін қалаған Қазақстанның болашағы баянды болатыны сөзсіз. Еліміз шырқау биікке бет түзеген сайын өткеннен сабақ алып, тарихтың тақсыретті беттерін ешқашан ұмытпайтын боламыз.
Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, халықтың жадында мәңгілікке сақталатын болады!
Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов