Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі кезекті «Ел үлесі – пәтерге» жобасын ұйымдастырды. Жоба аясында 404-ші баспана Бейнеу ауданы Боранқұл ауылының имамы Құрбан Әділұлына бұйырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара барысында ҚМДБ-ның Маңғыстау өңірі бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы жұма намазына жиналған жамағаттың алдында Құрбан имамға үй кілтін табыстады.
«Бұл игі шара бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазретіміздің дін қызметкерлеріне қолдау көрсету бойынша бастамасы аясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» демекші кезекті имамның баспаналы болуына демеуші болған Иса Ыбырайымұлына зор алғысымызды білдіреміз», - деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.
Осы ретте Иса Ыбырайымұлы «Сіздер дін жолында аянбай еңбек етіңіздер, біздер сіздерге қызмет етейік. Алла отбасыларыңызға жар болып, амандық нәсіп етсін», - деп Құрбан имамға ақжарма тілегін білдірді.
Айта кетейік, Иса Бимырзаев бұған дейін де өңірдегі көптеген мешіт-медресе құрылыстарына, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларға қарайласып жүр.