Бүгін “Nur Otan” партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыста Жібек Аманбайқызы төрағалық етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиында Маңғыстау облысындағы “Бақытты отбасы” мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй сертификаттарын бөлу жұмыстары қаралды.
“2019 жылы Елбасының бастамасы бойынша жеңілдік мөлшерлемесі 2%, бастапқы жарнасы 10% болатын “Бақытты отбасы” бағдарламасы іске қосылды. 2020 жылы бағдарлама бойынша 161 азамат 1,8 млрд теңге көлемінде несие алып, пәтерлеріне ие болды. Берілген тұрғын үй сертификаттың саны - 133, көлемі - 126,6 млн теңге. 2021 жылдан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі” атты Қазақстан халқына айтылған жолдауына сәйкес, сертификаттар беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұл жұмысты реттеуді Отбасы банкке тапсырылып, жауапкершілік жүктелінді. Қазіргі таңда кезекте тұрған азаматтар тарапынан өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 12 сәуірінен бастап онлайн форматта “Отбасы банк” АҚ әлеуметтік парақшасында тікелей жүргізілуде. Өтініштер қабылдау ағымдағы жылдың 26 мамырына дейін жүргізілетін болады. 2021 жылға бағдарлама аясында Маңғыстау облысы бойынша 181 отбасын тұрғын үй сертификаттарымен қамтуға лимит белгіленді. Қазіргі таңда 2021 жылдың мамыр айындағы мәліметке сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша тұрғын-үй алуға кезекте 21 875 азамат тұр”, - деп Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қартбаев Бердібек Кенжебекұлы атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға практикалық көмек көрсету және әйелдер, жасөспірімдер және балалар проблемаларын шешу жөніндегі жедел әрекет ету топтарының жұмысы тындалды.
Отырыс соңында “Nur Otan” партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар берілді.