Ауданда 2021-2025 жылдар аралығында 469 жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті әкімдік мұндай нәтижеге индустриялық-инновациялық даму жобаларын нәтижелі жалғастыру арқылы қолжеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов мәлім етті.
«Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібіне басымдық беретін боламыз. Биылғы көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 124,1 процентке артық орындалады деп жоспарланып отыр. Жыл басынан бері өнеркәсіптік өнім көлемі 111 млрд 953 млн теңгені құрады. Осы жылы инвестициялық жобалар негізінде - Шетпе ауылында күн электр станциясын салу, катодтық мыс өндіретін зауыт, сығылған газды сақтау кәсіпорны құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Тұщыбек пен Жармыш ауылдарында минералды су шығаратын өндіріс орындары және Жездыбассай жерінің шикі затын пайдаланатын шойын-металлургия зауытын тұрғызу ойымызда бар» - деді Тілек Көшмағанбетов.