Биыл Чернобыль атом электр станциясында болған ірі радиациялық апатқа 35 жыл толды. Осыған орай Ақтау гарнизонында апат құрбандарын еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атом электр станциясында жарылыс алған кезде Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен мыңдаған адам апаттың зардабын жоюға аттанған. Олардың арасында 2 мың 500 маңғыстаулық болған. Бүгінде олардың 134-і облыстағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүр.
Сіздер өңірдегі жұмыстарға белсенді қатысып, азаматтарды патриоттық тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келесіздер. Чернобыль апатын еске алу күні батылдығыңыз, ержүректігіңіз, жоғары кәсіби шеберлігіңіз үшін алғыс айтамын, - деді Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мақсат Тастанов.
Өңірдегі атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан белсенді азаматтарға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің және Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарының атынан алғыс хаттар берілді. Арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген марапатты Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы салтанатты түрде табыстады.
Чернобыль АЭС апатты жоюға қатысқан адамдардың ерлігі – Отанға деген адалдық пен сүйіспеншіліктің көрінісі. Ол өскелең ұрпақ бойында өнегелі әскери дәстүрді сақтауды қалыптастырып, еңбекқорлық қасиетін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.