Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің құрамдарын кешенді тексерудің барысын бақылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы арнайы операциялар күштерінің құрамдарын тексерудің екінші кезеңі өтіп жатқан оқу-жаттығу полигондарын аралады.
Тексеруге Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері қатыстырылды.
Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев 2020 жылы әскерлерге енгізілген, жауынгерлік оқу-жаттығудың маңызды бағыты болып саналатын армияның тактикалық атыс жаттығуларын орындау барысымен танысты.
Бұдан өзге, суға десант түсіру мен кемелердің диверсиясына қарсы шараларды орындайтын бөлімшелердің жауынгер жүзгіштері де тексеруге жұмылдырылды. Әскери-әуе күштерінің армия авиациясы жеке құрамды жөнелту және десант түсіру міндеттерін орындайды.
Сонымен қатар, қорғаныс министрі материалдық-техникалық қамтамасыз ету, теңіз жаяу әскерлері мен авиация базаларының қоймаларында қару-жарақ мен оқ-дәрілерді сақтаудың ұйымдастырылуын тексерді.
Қорғаныс ведомствосының басшысы өрт пен диверсияға қарсы қауіпсіздіктің жай-күйіне, техникалық күзет құралдарының дұрыстығына, сондай-ақ сақтау объектілеріндегі қарауыл қызметінің жұмысына ерекше назар аударды.