Ақтауда карантин талаптарын өрескел бұзған кафе-барлар анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы «Loft Pub» және «Versailles» ресто-барлары карантин талаптарын өрескел бұзған. Бұл Ақтау қаласының әкімдігі мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жасаған мониторинг барысында анықталды. 2 сәуір күнгі түнде болған рейд кезінде белгілі болғандай, ресто-барлар түнгі 24:00-ден кейін де жұмысын жалғастыра берген. Нысанның іші адамға лық толы. Маскалық режим мен әлеуметтік арақашықтық мүлдем сақталмаған. Осы және өзге те тәртіп бұзушылықтар ресми түрде тіркеліп, дәмхана қожайындарына хаттама толтырылды. Әрі қарай тиісті шара қолдану үшін санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына жолданды.
Мониторинг тобының өкілдері вирус таралуына ықпал етіп, адамдар өмірін қауіпке тіккендер жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Сонымен бірге, кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу бірнеше рет қайталанған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін уақытша тоқтата тұру шарасы қолданылады.