Облыстық онкологиялық диспансерде заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабына сәйкес биыл қаңтар – ақпан айларында облыстық Онкологиялық диспансерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау облыстық диспансер қызметінде жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті. Оның ішінде, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде және персоналды басқару мәселелерінде бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлық ақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларының талаптарына қайшы диспансердің жекелеген қызметкерлеріне жүйелі түрде заңсыз сыйлықақы беру деректері анықталды.
Мысалға, алынбаған әртүрлі тәртіптік жазалары бола тұра қызметкерлерге жалпы сомасы 486 мың теңгені құрайтын сыйақы төленген.Бұл жағдайлар материалдық жауапты тұлғалар мен диспансер басшылығы тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы фактісі белгілі болды.
Нақтырақ айтсақ, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының нормалары сақталмай, 2020 жылдың тамыз айында жұмыскерлерді оқыту бойынша қызметтерді және персоналды бағалау мәселелері бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жалпы соммасы 2 650 000 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы "SALUS" көпсалалы медициналық орталығы" ЖШС-мен 2 шарт жасақталған. Аталған ЖШС басшысы облыстық диспансер директорының жұбайы болып табылады.
Бұдан бөлек, жоғарыда аталған Заң талаптарын бұза отырып, мемлекеттік сатып алулар тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жасақтаған.
Мысалы, 2020 жылғы шілдеде "МЕТАКО" ӨФ ЖШС-мен жалпы сомасы 1 270 000 теңгені құрайтын «Дезинфекциялауға арналған тоннель камерасы, температураны өлшейтін тұлғаны тану жүйесі" осындай жолмен сатып алынған.
Сондай-ақ былтыр наурыз айында жалпы соммасы 4 млн теңгеден асатын конференцияларды ұйымдастыру бойынша қызметтер және "Респираторлар" шарт жасалмай сатып алынған.
Бұдан басқа, талдау барысында диспансерде 2019 жылы жұмыскерлерді оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша қағаз нұсқада ғана жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының жоғалғаны анықталды. Бұл фактілер осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін куәландырады.
Бұдан бөлек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңымен көзделген мүдделер қақтығысы анықталды. Мәселен, 2020 жылғы шілдеде диспансердің цитотехника – зертханашысы лауазымына диспансер директорының қызы қабылданған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңымен көзделген диспансер директорының жеке ісінде өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау туралы жазбаша міндеттемелер болмағанын атап өтті.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл туралы" ҚР Заңының 22 бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
Алайда, талдау барысында диспансерде бұл жұмыс жүргізілмегенін көрсетті. Диспансерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жүргізу жөнінде арнайы жоспардың болған жоқ және бұл жағдай жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне себеп болды деп санаймыз.Дегенмен, жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама нормаларын, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы толық білмеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыстың болмауы, сондай-ақ басқарушылық сипаттағы шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысының болуынан, делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті таратқан ақпаратта.