«Жер сағаты 2021» халықаралық экологиялық акциясына Маңғыстау өңірі де үлес қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Наурыз айының соңғы сенбісіне жоспарланған акцияға әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам қатысуға ниет білдірді. Бұл шара әлемдегі 175 мемлекеттің 7 мың қаласында өтеді. Жергілікті уақыт бойынша кешкі сегіз жарымда өңірде жарық пен тұрмыстық техникалар өшірілді. Жалпы бұл акция дүние жүзіндегі ең ауқымды шаралар қатарына жатады.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Динара Еңсегеннің айтуынша, еліміздің барлық аймақтары қолдау білдірген акция табиғи ресурстарды үнемдеумен бірге экологиялық ахуалды жақсартуды көздейді. Электрэнергияны уақытша ажыратқандар қатарында Қазақстан Халқы Ассамблеясы, облыстық музыкалық драма театры, мұнайгаз кәсіпорындары, Yessenov University, орталық көшелер және т.б. ғимараттар бар.
Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Фариза Хожанепесованың айтуынша, шара аясында маңғыстаулықтар бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын өшірді. Акцияның мақсаты – адамзат назарын планетамыздағы климат өзгерісіне аудартып, экологиялық мәселені бірлесіп шешу.
"27 наурызда Маңғыстау облысында жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 - 21:30 аралығында "Жер сағаты" жаһандық акциясы өтті. Бұған дейін бірқатар кәсіпорындарға экологиялық акцияны қолдау жөнінде ресми хат жолданды. Басым бөлігі қолдау білдірген болатын. Орталық көшелердегі және әкімшілік ғимараттардағы жарықтар сөндірілді", - дейді ол.
Жаһандық акция әр наурыздың соңғы сенбісінде өтеді. Айта кету керек, «Жер сағаты» алғаш рет 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында бастау алды. Экологиялық шараға қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Акция барысында әлем бойынша планетаның болашағы үшін біріккен іс-қимылдардың қажет екендігін көрсету үшін бір сағатқа жарық өшіріледі.