Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті өкілдерінің қатысуымен Полиция департаментінде жиын өтті. Жиынға Департамент басшысының бірінші орынбасары Қ.Мырзағали, Басқарма басшысы Қ.Байгебаев, Департамент жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Тілеужанов, Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі А.Қонарбаев, Полиция департаменті басшысының орынбасары Б.Ақшауов пен жеке құрамы қатысты.
Мәжілісте Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің «ҚР ҚПК 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынысы» қаралды. Онда Полиция департаментінің қызметкерлері жол берген заңбұзушылықтар айтылып, алдағы уақытта заңға қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы үшін нақты ұсыныстар берілді.
Жиында Департамент басшысының бірінші орынбасары Қ.Мырзағали құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты істер бойынша ақпарат беріп, жемқорлық деректерін болдырмау барлығымыздың міндетіміз екенін атап өтті.
Басқарма басшысы Қ.Байгебаев Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді айтып, пара алушылар да, пара берушілер де қатаң жазаланатынын ескертті. Сондай-ақ, Заң бойынша жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылғаны, айыппұл көлімі де өскені туралы ақпарат берілді.
Айта кетейік, өз кезегінде Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі А.Қонарбаев құқық қорғау органдары жанынан ақпараттық топтар ашып, ашықтықты қамтамасыз ету жолдарын ұсынды.