Теңге ауылының 34 жастағы тұрғыны Талғат Уәлиев темірден түрли мүсіндер жасайды. Бұл туралы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Талғат Уәлиев - дәнекерлеуші. Ол 15 жылдан бері осы салада қызмет етеді. Қазір қызығушылығы мен мамандығын ұштастырып ерекше мүсіндер жасайды.
«Ең алғашқы жасаған мүсінім - бүркіт. Қолымнан келетінін байқап, одан әрі жылқы және басқа да мүсіндер жасадым. Ерекше жұмысым - жылқының мүсіні. Темір сақиналардан (шайба) жасалуында. Оған 1 жыл уақыт кетті. Алғашында ойланып жүрдім, кейін темір сақиналарды жинадым. Мүсінді жалпы құрастырып қойдым. Жылқы мүсініне барлығы 11 251 дана темір сақина кетті », - деді дәнекерлеуші Талғат Уәлиев.
Талғат Уәлиев бір жұмысын Теңге ауылының 55 жылдығына арнады. Оны дайындауға 6 ай кетті. Қазір мүсін Теңге ауылының орталығына орналастырылды.