Қарақияда ауыл жастарынан құралған "Фирдаус" еріктілер тобының ұйымдастыруымен "Әр жұма 500 теңге садақа" атты акция аясында 30 отбасына елу келілік 30 қап ұн таратты.
Жақында ғана өз ісін іске асырған "Фирдаус" еріктілер тобы тек мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Айта кетейік, карантин кезінде ауданымыздағы 50 жағдайы төмен отбасына азық- түлік таратып, 27 отбасына қысқы жылы киімдер мен аяқ-киімдер үлестірген болатын.
Сондай-ақ, 1 түйе сойылып, құрбандыққа шалынды. Ал апта сайын 5 отбасына азық-түлік таратуды әдетке айналдырған.
"Қамыққанға қамқор болып, ізгілікті істі жасаған жаны жомарт жандардың қатары күн сайын көбейіп, жатқаны қандай жақсы! Ауыл тұрғындарына сондай-ақ Аппақ елді мекеніне арнайы барып 30 отбасына елу келілік 30 қап ұн тараттық. Бүгінде Алланың қалауымен көпшіліктің көмегімен ауыл жастарының атсалысуымен көптеген игі істер іске асып келеді. Жақында ғана ауыл тұрғыны Үсенбай ағамыздың баспанасына жөндеу жүргіздік. Осындай қайырымды істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек! Осы орайда қамқорлық танытқан барша маңғыстаулықтарға алғысымды айтамын. Жақсылық жасап, мейірімді болыңыз", - дейді Фирдаус еріктілер тобының мүшесі Нұрлыбек Жұмабаев.
Фариза Хайдарова