Ақтаудағы «Sofie Medgroup» клиникасында кардиохирургия және интервенциялық хирургия орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева қатысты. Ол медициналық мекеменің бас директоры Нұрлан Мұхановпен бірге қызыл лентаны салтанатты түрде қиды.
Айта кетейік, «Sofie Medgroup» клиникасында жаңа орталығының ашу өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және одан әрі дамыту қажеттілігіне негізделген.
Батыс Қазақстандағы жеке клиникаларда жүрекке ашық операциялар жасалмайды. Сол себепті көптеген науқас республикалық клиникаларға емделуге мәжбүр екенін атап өткен жөн.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің айтуынша, «Sofie Medgroup» клиникасы Нидерландыда шығарылған Philips Azurion эксперттік деңгейдегі заманауи ангиографиялық жүйемен жабдықталды. Бұл жоғары технологиялық жүйе күрделі инвазиялық кардиологиялық, электрофизиологиялық, неврологиялық және тамырлы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Ангиограф жетілдірілген С-қолымен, сандық 15 дюймдік жалпақ панельді детектормен және Philips MRC рентген түтікшесімен жабдықталған. Бұл пациенттің сәулелену дәрежесін 83% дейін төмендетеді.
Заманауи технологияларды қолданудың арқасында Philips Azurion ангиографиялық жүйесі жүрек пен қан тамырлар жүйесінде әртүрлі манипуляциялардың кең спектрін жүзеге асады. 2D және 3D бейнелеу үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Инновациялық дизайн пациенттің қажетсіз қозғалысын болдырмайтын 8 ось бойымен қозғалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйе өз орнын автоматты түрде анықтайды және біршама көрнекі бейнелейді. Мұның бәрі пациенттің алдын-ала орналасу мерзімін 27%-ға қысқартады.
Сондай-ақ осы жоба аясында клиника жүрекке ашық кардиохирургиялық операцияларды жасауға қажетті заманауи медициналық жабдықты сатып алды. Атап айтқанда, MAQUET жасанды ұан айналым аппараты, қолқаішілік баллон контрпульсациясы жүйесі және жоғары деңгейлі GE LOGIQ ультрадыбыстық аппаратымен толықты.
Ангиолабораторияны орналастыру үшін клиникада толық қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге қажетті инвазиялық процедураларды жедел орындау үшін науқастарды қабылдау бөлімінен ангиолабораторияға тез жеткізудің логистикасы қамтамасыз етілген.
Орталықта жұмыс істеуге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы республикалық клиникалардан жоғары білікті кардиохирургтар мен рентген-хирургтар шақырылады. Ресей Федерациясынан дәрігерлер келеді деп күтілуде.
Кардиохирургиялық және интервенциялық оталардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша ақысыз негізде жүзеге асырылады. Мамандар жылына 600-ден астам ота, оның ішінде облыста жасалмайтын жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін, жасауды жоспарлап отыр. Жүрек тамырларына жасалатын оталармен қатар, бас миы қан тамырлары мен онкологиялық ауруларда жасалынатын бірегей емдеу-диагностикалық оталары жасалады. Нәтижесінде өңір халқы басқа облыстарға бармай-ақ «Sofie Medgroup» клиникасының жаңа орталығында жоғары білікті медициналық көмек ала алады. Осы ретте шетелдік пациенттерді тарту арқылы облыста медициналық туризмді дамыту жоспарланып отыр.