Бүгін Басқұдық ауылында өрт сөндіру депосы ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өрт сөндіру депосының құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Ғимарат жалпы ауданы 8000 ш.м жер учаскесінде орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «Өркен-1» мердігер мекемесі жүргізген.
Жаңа өрт сөндіру депосының ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов келді. Ол өрт сөндіру қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев, Басқұдық ауылының әкімі Жамбыл Құрманов, Маңғыстау облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Мұханов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
«Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіның жеке құрамын және азаматтық қорғау жүйесі ардагерлерін жаңа екінші шығысқа арналған өрт сөндіру депосының ашылуымен құттықтаймын. Басқұдық ауылдық округі халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешен қазіргі заманның үлгілі жоба бойынша салынған. Материалдық базасы халықаралық стандартқа сай. Азаматтық қорғау жүйесінде табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы тұруға қабілетті және жауапты қызметкерлер жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – адам өмірін құтқару. Аталған өрт сөндіру депосы ауылдық округте дамып келе жатқан объектілер, сауда орталықтары және тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне өз ықпалын тигізеді», - дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов.
Салтанатты шара барысында мердігер «Өркен-1» ЖШС-ның директоры Исатай Сақтағанов Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің бастығы Назарали Селимовке жаңа ғимараттың символдық кілтін табыстады.
Суретті Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметі ұсынды
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұхановтың айтуынша, қазіргі таңда өрт сөндіру депосы 58 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Ғимараттың заманауи материалдық базасы халықаралық стандарттарға сай келетін өрт сөндіру техникасымен толыққан. Ыңғайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлармен жабдықталған. Сонымен қатар жеке құрамның тұрмысы мен демалысы, кәсіби даярлығы мен дене шынықтыру сабақтары үшін жағдай жасалған. Атап айтқанда жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы, 100 метрлік кедергілері бар жолақ, баскетбол-волейбол алаңы бар», - дейді ол.
Шара соңында азаматтық қорғау органдарының ардагерлері «Азаматтық қорғау органдарына 25 жыл» медалімен марапатталды. «Өркен-1» мердігер мекемесінің директоры Исатай Сақтағановқа алғыс хат табысталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН