Жыл соңына дейін «Маңғыстау-Алматы» бағытына қатынайтын пойыздың тағы 8 купе вагоны жаңартылады. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда «Маңғыстау-Алматы» бағытында 6 теміржол құрамы жолаушыларды тасымалдайды. 2019 жылы шілде айында аталған пойыз жаңа 56 вагонмен толыққан болатын. Атап айтқанда, 6 жылжымалы құрамның барлығы 8 жаңа плацкарт вагонмен, ал 2 жылжымалы құрам 4 жаңа купе вагонмен жаңартылды.
Сонымен қатар былтыр жыл соңында «Маңғыстау – Нұр-Сұлтан» бағытында 3 пойыз жаңа вагонмен толықты. Ал әлеуметтік маңызды бағыттар қатарындағы «Маңғыстау-Бейнеу» бағытындағы вагондар таза әрі соңғы үлгіде жабдықталған болатын.
Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Адайбек Қалиевтың айтуынша, «Атырау-Маңғыстау» 3 теміржол құраммен жолаушы тасымалдайды. Аталған бағыттағы пойыз биыл жаңа 18 вагонмен толықты. Қалған бағыттар бойынша вагондарды жаңарту «ҚТЖ»ҰК» АҚ-ның Бас Даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.