Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 31 596 үйді аралап, 123 мыңнан астам адамға өрт қауіпсіздігі жөнінде түсіндірме жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Рейд тамыз айынан бастап жүргізіліп жатыр. Профилактикалық шараға департамент қызметкерлерімен бірге «Қазақстан еріктілер лигасы» еріктілері қызмет етуде.
Рейдтердің басты мақсаты – тұрғындарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақыру, электр желілерін жүктеуге, электр құрылғыларын және газ қондырғыларын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуға жол бермеуді түсіндіру. Рейд барысында пешпен жылыту қолданылатын жеке үйлердің иелеріне ерекше көңіл бөлінді. Статистикаға сүйенсек, көп жағдайда өрттің шығуына пештік жылытуды қолдану қағидаларының бұзылуы себеп болған.
«Профилактикалық іс-шаралар кезінде көп балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, жетімдер мен мүгедектерге ерекше көңіл бөлінді. Жұмыс барысында азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді, өрт тақырыптары бойынша анықтамалықтар ұсынылды», - деді Маңғыстау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері.
Мамандар үй иелеріне тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтаудың, оның ішінде отты қолдану, электр құрылғыларын қолдану, электр қондырғылары монтажын және пешті орнату кезіндегі қағидаларды есте сақтау керек екенін айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА