Тұңғыш Президент күніне орай, Жаңаөзен қалалық ауруханасында жаңа мемлекеттік ПТР зертханасы ашылды. Лабораториялық орталық тәулігіне 300 анализ қабылдайды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, облыстық обаға қарсы күрес станциясының базасында жылжымалы («Камаз» жүк көлігінің үстінде) ПТР зертханасы да бар. Бұл зертхана әлі қолданылмады. Қажеттілік туындаған жағдайда жүрмелі аппарат кез келген ауданға жіберіледі.
Маңғыстау облысының аумағында 2020 жылдың 27 наурызы мен 2 желтоқсан аралығында (шағымы+шағымсыз) 3436 COVID -19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1 175 шағымы бар, 2 261 шағымсыз науқас анықталып отыр. Аурушаңдықтың көрсеткіші 485,7 құрайды. Репродуктивті көрсеткіш 1,1. Төсек қорының көрсеткіші 13 %.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының матрицасы бойынша Қазақстан бүгінгі таңда сары аймақта. 5 облыс қызыл аймақта, ең үлкен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында. Содан соң Солтүстік Қазақстан облысы, бұл өңірде 107 науқас анықталған. Ал, Павлодар облысында 106 науқас. Көршілес Атырау өңірін айтатын болсақ, бұл аймақтың көрсеткіші бізден әлдеқайда көп. Ақтөбе облысында коронавирус ауруы тіркелген жоқ», - деді Ғазиз Надуев.
Айта кетейік, коронaвирус инфекциясынан қайтыс болғандар - 74 науқас, емделіп шыққандар – 3345 (97,3%). Стационарда 6 науқас ем қабылдап жатырса, шағымы жоқ 10 науқас үй карантинінде.
Өңірде 2 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, ПТР тәсілімен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда (барлығы - 5) 175 853 (бір күнде 1055 анализ) адам тексеріліп, оның 3 435 оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 21 955 тест сынамасы бар.
Облыста 17 тамыздан бастап 24 мониторинг тобы құрылды. Бүгінгі таңда мониторинг тобымен 837 рейд жүргізіліп, 2 475 нысан тексерілді. Рейд барысында 142 нысанда бұзушылықтар анықталып, 114 (16 жеке кәсіпкер, 97 жеке тұлға, 1 заңды тұлға) әкімшілік хаттама (9 млн. 431 310 тг.) толтырылды.
6 қазаннан бастап, Өзбекстанмен шекаралас жатқан «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы 10132 автокөлік және жаяу жолаушылар кірді. Оның ішінде: Транзиттік автокөлік 9598, Қазақстан Республикасына 221 автокөлік, 309 жолаушы (71 жолаушы ПТР анализсіз, ал 238 жолаушы ПТР анализімен), 4 транзиттік жолаушы өтті. Тексерілген 71 азаматтың ішінен 2 оң нәтиже анықталды. Екеуінде де вирустың шағымсыз түрі болғандықтан, олар үй карантиніне алынды.
Ақтау халықаралық әуежайы арқылы шет елдерден 1826 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 164 жолаушыда ПТР анализі болмауына байланысты, олар оқшауға алынып, коронавирусқа тексерілді. Қорытындылары теріс.
«Тағы бір айта кететін мәселе – жақында өңірдегі карантиндік шараларды жеңілдету бойынша министрлікке хат жолданды. Алдағы уақытта нақты шешім қабылданған жағдайда, хабарлайтын боламыз», - деді Ғазиз Надуев.
Баспасөз конференциясында Маңғыстау облыстық модульді стационардың басшысы Шайахмадин Берқалиев те қатысты. Оның мәліметінше, медициналық орталықта 18 науқас ем алып жатыр. Соның ішінде, алтауының тест сынамасы оң нәтиже берді. 7-і жансақтау бөлімінде жатыр. Ал тағы екеуі жасанды демалу аппаратына қосулы. Емдеу шаралары уақытылы жүргізіліп, қабылдау бөлімі тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді.
«Орталықта 24 сағат бойы қызмет көрсететін рентген кабинеті мен КТ бөлмесі бар. Жансақтау бөлімінде екі медициналық-медбикелік пост, 2 санитарлық пост және 1 дәрігерлік пост жұмыс істейді. Күндіз жансақтау бөлімінде 2 реаниматолог дәрігер қызмет атқарады. Инфекциялық бөлімінде 11 науқас жатыр. Оттегі аппаратына орташа жағдайдағы 4 адам қосулы. Модульді стационарға негізінен, 55 жастан жоғары адамдар түсіп жатыр. Науқастар жағдайының нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп», - деді Шайахмадин Берқалиев.