Қалнияз жырау Шопықұлының «Ер Қармыс» жыр-дастаны бұған дейін түрлі жинақтарға енгенімен, алғаш рет жеке дара кітап ретінде басылып шыққан еді. Енді «SABU Productions» орталығының бастамасымен оқырмандарға жаңа кітап жол тартты. Мұнда Қармыс батырдың ерлігі, халқымыздың ұлт болып қалыптасу жолындағы тарихи сәттері мен жаужүрек ерлердің Отан алдындағы жанқиярлық қайраткерлігі жан-жақты баяндалған. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Ер Қармыс» кітабын шығарушы Сандуғаш Тағабергенова мәлім етті. Айтуынша, дастанды жас оқырманның санасына шақтап, көркем суреттермен безендіру басты бағыт саналады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұрынғы тарихиымыздан сыр шертетін дастан қазіргі жастарға лайықталып көркем безендірілген. Ер Қармыс Бекболатұлы – тарихи тұлға. Ол жайында ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Эпостық жыр бүгінге ауызша жеткендіктен, бұл дастанның бірнеше нұсқасы сақталған. Алайда біз оның барынша толық нұсқасын таба білдік. Кітапты шығармастан бұрын текстологиялық жұмыстармен айналысып, екі жылдай уақыт бойы зерттедік», – дейді Сандуғаш Тағабергенова.
Түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітап, әсіресе, балалар үшін қызықты болмақ. Себебі дастандағы түрлі оқиға желілері әдемі суреттермен шебер астастырылған. Кітаптың жарық көруіне «БанкЦентрКредит» АҚ қолдау көрсеткен. Бүгінде таралымы 10 мың дананы құрайды.
«Кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Суреттердің кейбір тұсын тарихшы, этнографтармен ақылдаса отырып салдым. Бастысы батырдың келбетін, тұлғасын бере білуім керек болды. Кітапты оқу барысында ата-әжелеріміз айтып отыратын батырлар жайындағы аңыз, әңгімелер еске түсті. Суреттерді салуға 5-6 айдай уақыт жұмсадым», – дейді суретші Қуаныш Рахимов.
Айта кетейік, «Ер Қармыс» кітабын жарыққа шығарушылар алдымен ақын Светқали Нұржаннан жан-жақты мағлұмат алған. Өткен ғасырдағы тарихтан сөз қозғап, жырдың құндылығын деректі оқиғалармен байланыстырып ұштастырған. Ұлы даланың ұлы тұлғаларының бірі «Ер Қармыс» дастанының қайта жаңғырып, оқырманның қолына тиюі – ел руханиятындағы елеулі жаңалық болып отыр.