Маңғыстауда өткен аптада 5 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 38 адам коронавирустық пневмонияға шалдыққан. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Ақылбек Құлшағазиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысының аумағында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайлы болып отыр. Атап айтсақ, өткен аптада (04.11-10.11) Маңғыстау облысы репродуктивті көрсеткіш бойынша жасыл аймаққа енген.
Өңірде 11 қарашадағы жағдайға сәйкес, ПТР тәсілмен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда (барлығы - 5) 148 584 (бір күнде 1 424 анализ) адам тексеріліп, оның 3 410 оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 23 321 тест сынамасы бар.
6-қазаннан бастап Өзбекістан елінен «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы 6 119 автокөлік және жаяу жолаушылар кірді. Оның ішінде 5 838 транзиттік автокөлік, Қазақстан Республикасына 216 автокөлік, 61 жолаушы (24 жолаушы ПТР анализсіз, ал 37 жолаушы ПТР анализімен), 4 транзиттік жолаушы өтті. Тексерілген 24 азаматтың ішінен 2 оң нәтиже анықталды. Екеуінде де вирустың шағымсыз түрі болғандықтан олар үй карантиніне алынды.
«Ақтау халықаралық әуежайы арқылы шет елдерден 1304 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 106 жолаушыда ПТР анализі болмауына байланысты, олар оқшауға алынып, коронавирусқа тексерілді. Қорытындылары теріс», - деді Ақылбек Құлшағазиев.
Баспасөз конференциясында Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігер эпидемиологы Мерей Сисенов те қатысты. Ол өз кезегінде тұрғындарды жауапкершілік танытып, санитарлық ережерелерді сақтауға шақырды.
«Маусым, шілде айларында біз бастан кешкен қиындықтардан сабақ алу мақсатында аурудың алдын-алу шараларын қатаң ұстануымыз қажет. Әуелі тұрғындар оқшаулануға міндетті. Адам көп шоғырланатын аймақтарға баруды шектеу және жеке бас гигиенасын сақтау - біздің басты міндетіміз. Коронавирустық инфекция өкпе, тыныс жолдары арқылы жұғатынын білеміз. Осы орайда, тыныс жолдарының гимнастикасын жасау да аса маңызды», - деді Мерей Сисенов.