Өлкеміздегі Мәдина Махутова басқаратын ерекше балаларға арналған жалғыз инклюзивті жекеменшік балабақша «Талпын» аталады. Оның себебі дамуында ақауы бар ерекше сәбилердің өмірге деген талпынысын арттыру, өмір сүруге бейімдеуге ұмтылудан қойылған атау деп түсінгеніміз жөн шығар. Оқырманға «Талпынның» тарихы түсінікті болу үшін бәрін бастан баяндағанымыз дұрыс болар.
Мәдина Хабидуллақызы Махутова 1983 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Білімі экономист-бухгалтер. Оның ұзақ күткен екінші ұлының ДЦП дертіне шалдығып қалуы осы балабақшаны ашуға себеп болған. Тағдыр ауыртпалығын жеңу үшін күреске білек сыбана кіріскен Мәдина үш-төрт жыл бұрын Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 3 ай сайын шетелге шығып, қазір 5 жастағы ұлының емі үшін оңалту орындарын жағалаумен жүрді. Сондай емдік шараларды жүргізетін мамандармен кеңесе келе Мәдинаның бір түсінгені - дамуында ақауы бар балаларға ем жүйелі түрде күнделікті жүргізілуге тиіс. Егер емді тиісті уақытынан кідіртіп, арада көбірек үзіліс жіберіп алса, оған дейінгі алған емінің нәтижесі болмайды. Қайта бала бұған дейінгі алған емінің арқасында жеткен көрсеткішінен төмен түсіп кетеді екен.
Бала үшін ата-ана әрқашан да бәріне дайын. Облыс көлемінде ерекше ақаумен туған балаларын жүйелі емге қатынатып, қатарға қосып жатқан ата-аналар да баршылық. Бірақ оның соңына түсіп, емді үздіксіз қабылдатып тұруға көп отбасылардың қаржылық жағдайын былай қойғанда, беделді оңалту орындарының облыс орталығынан қашықтығы мүмкіндік бере бермейді. Себебі ерекше балалы отбасылар ем алу үшін Ресей, Өзбекстан секілді көршілес мемлекеттерге сапарлап, жол қаражатына, емге, жалдап тұратын пәтерақысы мен азық-түлікке қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Осының бәріне миллионның үстінде қаржы жоғалтып келген ата-аналар үйлеріне келген соң, баласының ем-домын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі жоқтықтан, алып келген емінің бәрін зая кетіретін. Міне осындай қиыншылықтан облыстағы ерекше балалы отбасыларды құтқарған Мәдина Хабидуллақызы болды.
- Бұдан екі жыл бұрын, шетелде ем алып жүріп, ерекше балаларға арналған балабақшаның жағдайымен таныстым да, интернет желісі көздерінен арнайы оңалту орындарының жұмысын құныға зерттей бастадым.
Сол кезде маған тұңғыш рет «елге барған соң, Ақтаудан мен де осындай орталық ашсам қайтеді?» деген ой келді. Менің бұндай ойға кетуімнің себебі де жоқ емес, өзім балабақша жұмысында тәжірибем бар, 10 жылдай жұмыс жасап жатқан жекеменшік балабақшам тағы бар. Арнайы білімі бар маман болмасам да балабақша жұмысының қыр-сырына біраз жетіліп қалған жанмын.
Уақыт өткен сайын «Өз жерімізден жергілікті балаларға оңалту орталығын мен неге ашпаймын? Мен болмасам кім ашады? Қашан ашады? Менің іс-тәжірибем де, балабақшаға лайық даяр ғимарат та бар ғой» деген сұрақтар маған мүлдем маза бермей, инклюзивті жекеменшік балабақша ашудың жолдарын іздеуге итермеледі, - дейді Мәдина Қабибуллақызы сол кезді еске алып.
Қазақта «Іздеген жетер мұратқа» деген игі сөз бар. Мәдинаның да ізденісі із-түзсіз кетпеді. 2019 жылдың қазан айында «Атамекенге» хабарласып көрейінші, мүмкін аз пайызбен несие беріп қалар» деген оймен аталмыш орынға барған Мәдина ол жерден қолдау таба алмай, есіктен шығуға бет ала бергенде, сол жерде отырған бір маман: «Несиені қандай бағытқа жұмсау үшін алғыңыз келеді?» деген сұрақ қояды.
Өзінің ойға алған жоспарынан хабардар еткен Мәдинаға ол кісі бір телефон нөмірін ұсынып, «Хабарласып көріңіз, әлеуметтік жоба даярлап жатқан кісі еді. Мүмкін үлгеріп қаларсыз» дейді. Бұл мүмкіндіктің өзіне тегін берілмегенін бірден түсінген Мәдина ғимараттан шыққан бойда жазып алған нөміріне жедел қоңырау шалды.
Сәттілік деген осы шығар, Мәдина телефон тұтқасын көтерген маманның «Бүгін құжаттарды қабылдаудың соңғы күні» деген жауабын естігенде, дереу цифрлық технологияның мүмкіндіктерін шебер пайдаланып, байқауға тіркеліп үлгерді. Байқауға қатысқан 96 адамның ішінен финалға өткен 30 кісінің бірі тағы Мәдина болды. Бұдан кейінгі қиындықтарға жол беруге оның қақысы жоқтай көрінді. Сондықтан 3 ай ішінде өз жобасы бойынша білім-білігін толықтырып, мерзімді уақыты жеткенде оны ойдағыдай қорғап шығып, қайтарымсыз грантты жеңіп алды.
Сөйтіп Мәдина Махутова өзінің ерекше балаларға арналған балабақша ашсам деген арманын екі жылдан кейін, «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауын қатысып, бақ сынаудың арқасында қол жеткізді. Байқау «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай көмек көрсетуімен «Орталық Азияның Евразия фонды» демеушілігімен денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж балалар үшін ұйымдастырылған болатын. Осы байқаудың сарапшыларына өзінің ерекше балаларға арналған бірегей бағдарламасын ұсынған Мәдина Хабидуллақызы жеңіске жетіп, 3 млн теңгелік қайтарымсыз грантты ұтып алған болатын.
Қаржылай көмекке ие болған Мәдина одан арғы ойларын бірте-бірте жүзеге асыруға кірісіп, балалардың ұсақ және ірі моторикасын дамытуға арналған «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюмін, ЛФК залына арналған тілді, ойды дамытатын тренажерлер, өз бетімен тұрып-отыруға арналған арнайы вертикализатор-орындықтар, арттерпапияға арналған құм, ұсақ бөлшектерді жетілдіру және өсіруге арналған, әр бөлмені зарарсыздандырғыш-рецикулятор секілді түрлі құрал-жабдықтарды сатып алып, үш айдың ішінде жаңа ғимараттағы жекеменшік балабақша есігін бөбектерге айқара ашты.
Өзінің ізгі арманына қол жеткізген Мәдина бөбектер жарқын болашаққа нық қадаммен талпынсыншы деген ниетпен ерекше балаларға арналған екі топтың атын ырымдап «Жарқын» және «Қадам» атап, үстіміздегі жылдың маусым айының бірінші жұлдызынан жұмысты бастап кетті. Әр топтың 10 тәрбиеленуші бүлдіршінін бір тәрбиеші, екі күтуші маманы күніне бес мезгіл тамақтандырып, ұйықтатып, емін алып, өз бетімен өмір сүруге талпыныс жасауға үйретеді.
Арнайы жабдықталған ерекше балаларға арналған «Талпын» өз жұмысын бүкіл дүниені үрей құшағына алып, аз уақыттың ішінде миллионға жуық жанның өмірін қиып кеткен короновирус індеті таралар алдында бастаған болатын. Екі айға жуық жұмыс істеп, енді ғана өз ырғағына түсе бастаған «Талпынның» тәй-тәй қадамына пандемияның жылдамдықпен өршіп, ақырында елімізде карантин тәртібінің орнауы тежеу салғандай болды.
Бірақ сол екі айдың ішінде балаларының өз бетімен қасық ұстап, ойыншыққа мән беріп, жаңаша көзқарастары тұрақтана бастауы ата-аналарды үлкен қуанышқа бөлеп, бір-бірімен сәбилерінің бойындағы игі жетістіктерімен бөлісіп үлгерген болатын. Басында балабақшаға үйренісуі қиын болған ерекше сәбилердің сол аралықта жаңа орынға құлшынысы артып, «бақшаға барамын» деуінің өзі ата-аналарды қатты қуантты. Елімізге келген індет қаупінен карантиндік тәртіпке бағынуға мәжбүр болған балабақша ұжымы көпшілікпен бірге короновирустің беті қайтуын тіледі.
Балалардың сауығуы үшін қолда бар мүмкіндікті жасап, алған бағытынан жаңылмаған Мәдина басқаратын ұжым өз жұмысын қазан айының басынан қайта жалғастырып жатыр. Балабақшада ЛФК, дефектолог, массаж, логопед, психолог, музыка терапиясы, еңбек терапиясы аталатын жеті маманнан бөлек екі тәрбиеші, төрт күтуші, медбике және аспаз жұмыс жасайды. Кейбір қат мамандарды өз қаражатымен арнайы курста оқытып, мамандарға қажетті аппарат құралдарын сатып алып жұмысқа қосты. Жиырма орындық балабақша ДЦП, ЗПМР, аутизм, Даун синдромы диагнозы қойылған және тағы басқа денсаулығында ақауы бар өзбетімен отыра алмайтын, жүре алмайтын 3 пен 7 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған. Қазіргі таңда балабақшаның балалармен қамтылуы жетпіс пайыздан аспайды.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің оңалту орталығы күнделікті таңғы сағат сегіз жарымнан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Бұрын өзін-өзі басқара алмайтын балаларының қасында күні-түні байланып отыруға мәжбүр аналары енді бүлдіршіндерді күн ұзағына үлкен сеніммен «Талпынға» тапсырып, өзге шаруаларымен айналыса алатын болды.
Бір айта кетерлігі бұл орталықтағы емдеу сеанстары әр балаға арнайы жеке түрде жүргізіледі. Әрбір ем алушы бүлдіршінге арналған оңалту бағдарламасы бар. Сол бағдарламада көрсетілген ем-домын әрбір бала дүйсенбі-жұма аралығындағы бес күн ішінде жеті маманнан бір орталықтың ішінен толық ала алады. Балабақша ақысы қолжетімді.
Іске қосылғанына аз ғана уақыт өтсе де «Талпынның» тәрбиеленушілерінің жетістігі де жоқ емес. Оңалту орталығынан ем алған екі айдың ішінде балғындардың бірі – бұрын жүре алмайтын төрт жасар тәрбиеленуші қазір өз бетімен қадам басып қозғалуға талпыныс жасап жүрсе, «Талпынға» келгенше тек арқасынан қарнына аударылап жылжып қозғалатын жеті жасар бүлдіршін енді бір бұрыштан екінші бұрышқа еңбектеуді үйренген. Тағы біреуі өзінің есімін атай бастаған - әйтеуір әр баланың бойында жақсы бағытқа қарай өзгеріс бола бастады.
Болашақта инклюзивті сыныптарға баратын бүлдіршіндерді қоғамдық өмірге, қоршаған ортамен байланысқа, тұрмыстық дағдыларын қалыптастыруға даярлап жатқан балабақшаның сабақтары негізінен емдік-сауықтыру сеанстарынан тұрады. Ерекше сәбилерді музыкамен, тыныс алу терапиясымен, қимыл-қозғалыс жаттығуларымен, ойлау қабілеті мен сөйлеу мүмкіндіктерін дамытумен жеке-жеке айналыса отырып, олардың өмір сүруге құлшынысын оятады, сонымен бірге келешекте қоршаған ортаға толыққанды араласуға бейімдейді. Атап айтар болсақ, ЛФК нұсқаушысы балалардың тірек-қимыл аппаратын кезеңімен реттеп, дамытып, үйрету, табиғи дұрыс тепе-теңдікте өзін меңгеріп қозғалу, өзіне қызмет көрсетуді үйретсе, психолог маман балаларды әлеуметтік ортаға ойындардың, жаттығулардың тиімді тәсілдері арқылы дамыта бейімдеуге жұмыстанады.
Дефектолог маман сәбилердің танымдық белсенділігін арттыру, есте сақтау қабілетін нығайту, логикалық ойлау қабілетін арттыру, зейінін тұрақтандыру, ұсақ және ірі моториканың қозғалысын арттырумен, ал логопед маман дыбыс қою, сөздік қорын көбейту, сөйлеу дағдысын қалыптастыру, дұрыс тыныс алуды, шайнау, жұтуды үйретеді.
Еңбек терапиясы ерекше балаларды мамандықтардың рөлінде ойнау арқылы ұсақ және ірі моториканы дамыту арқылы ой-өрісін кеңейту. Музыкатерапия эмоционалдық көңіл-күй,аспаптарда ойнау, өлең айту, билеу арқылы көңіл-күй көтеруге талпындырады.
- Бұның бәрі қарапайым сәбилер үшін дағдылы қимыл-қозғалыс саналғанмен, дамуында ақауы бар ерекше балалар үшін үлкен жетістік. Ал бұрын, біздің орталық ашылмай тұрғанда ерекше балалардың ата-анасы қайтетін еді? Қаланың бір шетінде – массаж, бір шетінде – жүзу алаңы, тағы бір шетінде – дефектолог маман болғандықтан, олар ертелі-кеш балаларын таксилетіп сол мамандарға тасуға мәжбүр болатын. Бұл айына екі-үш жүз мың теңгенің басына су құю деген сөз. Бұндай шығынды кез-келген отбасының қаражат көзі көтере бермейтіні белгілі. Ал біздің орталықта осының бәрін бір жерден табады, әрі балалары күтулі, бағулы, тамағы тоқ. Тағы бір айта кететін жайт бізге балаларын әкелетін ата-аналардың көбісі орталыққа жұмысқа орналасып, табыс табуды жолға қойғанымен қабат өз балаларының жанында болу мүмкіндігіне ие болып отыр. Себебі олардың кішкентайлары көзбе-көз қадағалауды қажет ететін ерекше сәбилер ғой. Осының бәрі екі жаққа да тиімді шешім емес пе? - дейді балабақша басшысы Мәдина Хабибуллақызы.
Жақында «Талпын» ұжымы «Алтын күз» ертеңгілігін атап өтті. Балалардың алғашқы мерекелік шарасындағы қуаныштарын өзара мәз мейрам бола бөліскен ата-аналар көздеріне жас алды. Себебі бұл шараға әр сәби бір нөмірмен қатысып, өз мүмкіндігін көрсеткен болатын. Қашан да баланың аты – бала! Оларды «ерекше» деп бөлуге болмайды. Сондықтан «Талпын» секілді өңірдегі әзірге жалғыз инклюзивті оңалту орталығына мемелекет тарапынан көңіл бөлінгені дұрыс болар еді.
Балабақша басшысы Мәдина Махутова да бұл турасында қол қусырып қарап отырған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандарды шақырып, болашақта орталықты тұрақты мекеме ретінде қалыптастыруға жұмыстанып, өз мамандарына әдістемелік іс-тәжірибесін арттыру бағытында әзірліктер жүргізу үстінде. Себебі өз қалтасынан шығарған қаражат балабақша шығынын толық өтеуге жетер емес. Ал аймақта оңалту орталығының еміне зәру бүлдіршіндер көп. Қазіргі қатты індет пандемия дауылынан кейінгі елдің экономикалық жағдайы дағдарыстық жағдайға қарай бет алып бара жатқаны белгілі. Бүкіл дүниежүзінің әл-аухаты күрт төмендеу үстінде, бірақ өмір жалғаса береді. Сондықтан өзге жекеменшік балабақшалар секілді «Талпынға» да мемлекет тарапынан қаржылай көмек қолын созу сауапты іс болар еді. Өзінің алғашқы талпыныстарын жасап үлгерген «Талпынға» тек қолдау керек!
Үміт ЖӘЛЕКЕ