Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» кітабы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қолыма тиді. Кітапты бірталай уақыт оқыдым. Сыдыртып өте шығатын дүние емес екен. Анық жетістік – кітап атының дұрыс қойылғандығы. Абыз – тілімізде сирек қолданылатын, сирек қолданылуға тиіс сөз. Бәсі ерек, бағасы бөлек сөз. Автор телегей Әбіштің сан қырлы қасиетіне дөп келер сөзді сәтімен, дәл қолданған.
Кітап тоғыз тараудан тұрады. Тараулардың өн бойында дарабоздың 50-60 жылғы атқарған қоғамдық ісі, соған қоса, мемлекеттік қызметі, әр жылдарда жазған кітаптары мен ойлы мақалалары, ірі жиындарда сөйлеген сөздері мен баяндамалары, ол туралы жазылған мақалалар, шетел сапарлары ой елегінен өткізілген, екшелген. Жекелей, саралай талдау, жалпылама талдау арқылы Әбіш Кекілбаевтың әлемдік ауқымдағы ойшылдығы мен суреткерлігінің сан сапат қыры әртүрлі шығармалар мен зерттеу еңбектерден үзінділер келтіре, нақтылай отырып шебер ашылған.
Қарастырылған тақырыптар өте күрделі, жазушының жүріп өткен жолы, шығармашылығын ауқымды қамту, оның ішінде, Әбіштей сан қырлы дарынның асыл қасиеттерін санамалап ашу оңай емес. Ол – қазақ тарихының асқан білгірі ғана емес, саралай, сараптай талдаудың үлгісін көрсетіп кеткен, жазу машығы әбден қалыптасқан ақиық әдіскер де.
Кітаптың «Мәдениет мәйегі» тақырыбында қаламгердің бірталай еңбегін санамалай: «Осының бәріне, әрине, аса қуатты эрудицияның арқасында ғана қол жетуі мүмкін. Телегей теңіз білім энциклопедизмі мен академиялық универсализм Кекілбаевқа жылдар бойы жинақталған аса қуатты интеллектіні көркемсөзді алақанында ойнататын зергерлікпен астастыруға мүмкіндік береді», – деп келтіреді. Шынында, ол сөзді метафоралап, көркем ойнатуға, ойды індете дәлелдеуге шебер еді ғой. Автор Кекілбаев культурологиясын тек қаламгерлік қасиеті бойынша қарастыру біржақтылық деп таниды. Шынында да, суреткер ұзақ жылдар әртүрлі басшылық қызметте жасап, оның ішінде, мәдениет саласында да ауқымды істерді атқарғаны белгілі. Сондықтан өмірдің қарбаласында оның баяндамалары, сөйленген сөздері толық сақталмағаны анық.
Кітап авторы дұрыс жазғандай, сан қырлы қаламгерлігінің ауызға ең аз алынатыны – оның мәдениеттанушылығы. Дараласақ: – қаламгердің жазғандарында мәдениет ешқашан тар аяда қарастырылмайды (4-б), бағзы бабалардың таным диалектикасының осы бір мінезінің ұзағырақ ірге тепкен жері де – көркемөнерпаздық (79-б), адамзаттың материалдық игілігін өсіріп, өркендетуге де, рухани мәдениетті жетілдіруге де белсене атсалысты (81-б), Кекілбаевтың мақалаларындағы типологиялардың өркениеттің антик дәуірінің өркениеті, қытай өркениеті, алғашқы қауымдық құрылыстың, құл иеленушілік қоғамның, феодалдық қоғамның мәдениеттері парадигмалық, діни мәдениет түрлері қамтылғанын (53-б), мәдениетті ата-бабамыз табиғаттан алғанын (75-б), антропологияның арғы түптен басталып, қарастырылатынын (59-б), ЮНЕСКО-ның «Мәдени даму – аймақтық тәжірибе» деп аталатын зерттеуінде өнердің ең ерте түрлерін, кезеңдерін (79-б), абыздың шығармашылық жолында ұлтымыздың мәдениетін зерттеумен өткендігін, көп іс тындырып, мол мұра қалдырғанын дәлелдей аша алған. Мәдениеттің ел еңсесін көтерудің адамгершілікті, рухани тірек-таяныштарының бірі, бірегейі екендігін естен екі елі шығармағандығын орнықты, жып-жылы баяндайды.
Әбіш Кекілбаевтың ең көп қалам сілтеген тақырыбы – билік, мансап, тарихи тұлғалар. Кітаптың «Тәуелсіздік толғауы», «Тарих тағылымы» тараулары – бір-бірін толықтырып тұрған білем-білем тақырыптар. «Ханшадария хикаясында» бүкіл елінің кегін алып кеткен қайсар, ер әйел Гүрбелжін бейнесінің келер ұрпаққа берер тағылымы – астамсыған өпірем билік иесінің зұлымдығына тосқауыл болғандығы. Әділдіктің алдында зұлымдықтың жеңіліс табуы. Ал «Аңыздың ақырында» көзсіз билік иелерін бір тоқтамға келтірген шешімі – «барар жерің бәрібір жердің асты». Көп асқанға бір тосқан екендігін қаламгер Сауытбек жіті байқай келе: «Ә.Кекілбаевтың әділет пен сүйіспеншілікке, адамшылық пен қайырымдылыққа, қарама-қарсы суреттелген, көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойрансұмдықтарға бастайтын шеті-шегі жоқ билікке, қарақан басының қамын күйттеген сол билік иесінің ештен кеш болса да райынан қайту кезеңіне, рухани қайыршылық көріністеріне суреткерлік көзбен талай үңілгені көзі қарақты оқырман қауымға жақсы белгілі» деп түйіндейді. Биліктің мәдениеті қай кезде де жетіспейді ғой. Адамның жан дүниесінің ішкі қалтарысындағы күйзелістерді берудің асқан шебері жазушы Әбіш екендігін кітаптың бірнеше бетіндегі келісті талдаулар дәлелдей дөп баса алған. Кітаптың осы бір беттері оқулыққа сұранып тұрғандай.
Бұл бөлекше кітап әр қырынан қаралуға, тарам-тарам етіп түсіндірілуге тиіс деп санаймын. Бір мақалада мұндайлық іргелі еңбекті қамти айтып, қопара баға беріп тастау да қиын. Мәдениет антропологиясы, өнер табиғаты, әдебиет әлемі, тіл тарихы, саясат сипаты сияқты тақырыптарды қозғаған тарауларға сол салалардың маманы болмаған соң, онша үңіле бермекші емеспін. Өзім кезінде «Әбіш Кекілбаев және замана шындығы» деген атпен монография шығарған, жазушы шығармаларының тарихи тек-тамырын қаузаған адам ретінде кітаптың «Тарих тағылымы», «Өлке өрнегі» тарауларына қатысты бірқатар жайларға бөле тоқталсам деймін.
Айтқандай, Сауытбектің тағы бір жақсы қасиеті – кейіпкері туралы арғы-бергіде қалам тербеген авторлардың ешқайсысын атаусыз, бағасыз қалдырмайтыны. Сондықтан осы кітабын оқып шыққан бетте авторға хат жазып: «Аға, кітабыңызда бірнеше жерде еңбегімді ризалықпен атапсыз. Рақмет!» дегенмін.
«Абыз Әбіш» кітабындағы Нәдір шах тарихын талдау барысындағы ойларды құптаймын. Соған қоса, мына жайларды да айтқым келеді: жалпы Нәдір шах – Қазақстан тарихында әлі де өз дәрежесінде жете зерттелмеген тарихымыздың жетім бөлігі. Иранда 30 шахқа арналған музей бар. 2007 жылы ғылыми жетекшілерім, ғалымдар: Қ.Әбдез, С.Мақпырұлы: «Міндетті түрде барып көру керек» деген соң, ғылыми сапар жасап арнайы барып көрдім. Біздің еліміздегі сияқты олардың музейі жердің үстінде емес, астында орналасқан. Ең ішіндегі құндысы, әдемісі, толымдысы, байы – Нәдір шахтікі. Қолданған қару-жарақтары, зеңбірегі, қарауыл мұнарасы, үйі, отбасы суреттері, шайқас алаңы мен картасы, шежіресі, киімдері сақталған. Бірнеше суреттер түсіріліп, плакаттар сериясын шығардым. Сұңғыла Кекілбаевтың санасы осыны көзімен көрмей-ақ, асқан ақылмен соған жете алған. Ал дауылпаз Махамбеттің арғы түбі жөнінде айтарым: Ирандағы тұрғындардың 50-60 пайызы – әзірбайжандар. Олар бізге қарағанда, Нәдірдің өмір тарихын жақсы біледі. Қазақ ғалымдары әлі күнге дейін сенімсіздік ұялатып жүрген «адасқан екі баланың» тарихы Мұхамбет Қазымның шежіресінде анық түскен. Өзгенің тағының баянсыз болатынын күн ілгері білген ақылды Нәдір балалардың аттарын да сақтандырып, сол аламан-асырда «аты белгісіз» деп жаздыруы мүмкін ғой. Ағылшын ғалымы Л.Локкарттың еңбегінде: «Нәдірнаманы» жазған Мұхамбет Қазымның дерегі бойынша Нәдір шахтың 15 немересін аттарымен атап, олардың 13-і белгілі екендігін, ал екеуінің аты да, кімнен туылғаны да белгісіз» екені жазылған [351-бб.]. Мұхамбет Қазымның жазғаны адастырмайтын дерек деп есептейміз. Себебі ол – шахтың айналасын, туыстарын, балаларын жақсы біледі. Бір деректе шахтың туған інісінің баласы делінеді. Екінші бір деректе Мұхамбет Қазым – Нәдір шахтың төртінші әйелі Бұхараның ханы Әбілпейіздің қызы екендігін ескерсек, Әбіш пайымы дұрысқа шығады.
Бірнеше ғалымдардың жазғанын (ішінде өзге де ұлт өкілдері бар) ой елегінен өткізе келіп, Сауытбек Абдрахманов «Кекілбаев кітабы Махамбеттің шыққан тегі туралы талайдан келе жатқан дауға тоқтам жасалуымен де құнды» деп қуаттайды [299-бб.]. Оның суреткерлігін, өзіндік пайымын, ғылыми жорамалын, тарихты берудегі асқан сарабдалдығын нақтылы мысалдармен дұрыс бағамдайды.
Ойымыздың ендігі парасы – «Абыз Әбіш» кітабындағы Хиуа жорығы туралы. Бірегей Әбіш өзінің «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабында, басқа да жазбаларында Хиуа тақырыбына қайта-қайта оралып отырған. Бірінші Хиуаға сәтсіз жорығының жер бетінде айғағы бар, қазақша ол жер «Борсыған» аталады. Түрікменше «Порсы». Әдейі барып көрдім. Басында Черкасскийге орнатылған ескерткіш бар. Түрікмен, өзбек, қарақалпақ ағайындарға Құл базары екеуі ортақ бірнеше аңыз тудырған, әңгімесі көп жер. Қанша мықтымсынғанмен, Ресей үкіметі алақандай болған, қырағы да мықты дарбазасы бар Хиуаны бағындыра алмағаны белгілі. Хиуа – ресми атауы. Хорезм – бір кездегі дәуірлеген ұлы Хорезм мемлекетінің тамтығы. Моңғол шапқыншылығынан соң, шамамен 300 жылдан кейін, билік басына қоңыраттық өзбектер «келгенде билік біржола солардың қолына ауысады». Хиуа – ескі мәдениеттің сәулеткерлігі дамыған ошағы. Оның үстіне Маңғыстауға ең жақын жапсарлас жатқан базар еді. Анасы сол базарларға барған керуеншілер жөніндегі әңгімелердің шебер жебеушісі, оның үстіне, сол керуен жолымен жүріп өткен адам ғой. Ол әңгімелерді бала Әбішке айтпауы мүмкін емес. Осыларды ескерген ғалым Сауытбек отаршылдар үшін отар елдерді ұлт ретінде тұтастығын сақтауы тиімсіз болып табылатынын жаза келіп, қазақ елінің шаңырағын шайқалтқан отаршылдық салған ойранның себеп-салдары деп орынды қорытынды жасайды. Ойшыл Әбіш – тек Хиуа ғана емес, қазақ орыс, қазақ-қалмақ, қазақ – Сібір, қазақ-башқұрт, қазақ-қарақалпақ арақатынасының да білгірі, данагөй сарапшысы. Ол «Үркерде» башқұрт көтерілісін, Сібірдің тарихын суреттеуде отарлаудың трагедиясын, тарихын терең ашқан. Алдағы уақытта қазақ-қалмақ, қазақ – Сібір қатынастарының тарихшылар тарапынан қайта жаңғыртыла қаралатын тұстары көп деп есептейміз. Қазақтың өткені мен болашағын сарапқа салар тұс келгенін сондай тұлғаның бірі Бейбарыс екендігін алға тартып, Әбіш Кекілбаевтың тарихи очеркі (кітап авторы аударған арабтың Бейбарыс туралы халықтық романына жазылған алғысөз) кезінде қазақ қоғамына Бейбарысты таныстыруға ерекше ықпал жасаған, оны ұлықтауға қозғау салған дүние деп танып, жазушы тарихтың тамаша білгірі екендігін тағы да бір танытты деп ой түйеді Абдрахманов. Ел тәуелсіздігіне қатысты айтқанда әлі жетімсіз жерлеріміз көп. Әбіш аға көп жазған Иса-Досан көтерілісі, оның себептері орыстың бір зерттеушісінің тұтас бір томдығына негіз болуы соның дәлелі, бірақ ол қазақ тарихшыларына әлі белгісіз.
«Абыз Әбіш» кітабының авторы «Өл кеөрнегі» тарауында қаламгердің бірнеше туындысы туралы ой қозғайды. Ол – қаламгердің өндіре қалам тартқан тақырыбының бірі. Әбіш Кекілбаев өлкетануды өнегелі іс деп білді. Қазіргідей алмағайып заманда отаншылдыққа, өмірді сүюге, қоршаған ортаға мұқият қарауға тәрбиелеу – сауапты әрі жауапты шаруа. Күнде өзі көріп жүрген өлкенің тағылымды тарихын тану, ол өлкеде кімдердің келіп, кімдердің кеткенін оқу, алшаң басып жүрген жерін ата-бабалары қалай қорғап қалғанын, азаттық жолында қалай жанын салғанын білу адамды, әсіресе жас адамды рухани өсіреді, өзіне-өзі құрметпен қарауға үйретеді деп бойлайды. «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабындағы сарыла іздену нәтижесінде табылған мәліметтер, дәйексөздер Ә.Кекілбаев кітабынан кейін ғана ғылыми айналымға түскенін айтып, оның еңбектерінің деректанушылық құндылығы өте ересен деген ой түйген. Сөздердің шығу тарихына да аса ойлылықпен қараған: «Маңғыстау – кейбіреулер айтып жүргендей, мың қыстау да, мал қыстауы да емес, «Маң-маң басқан сары атан маңғыстап шығар өріске, баяғыдай қарыштап, қона алмадық қонысқа, келе алмадық келіске» деп Махамбет айтқандай, Маңғыстау алыс-алыс бағыттарды бетке алып, батыл алға басып, еркін жүріп, еркін тұру деген сөз», деп басын ашып айтқанын алға тартады сөз төркіні жөнінде. Мұндай сөздер Әбіште өте көп, тұтас бір еңбекке тақырып болып тұрған «шандоз» сөзі ше? Ол да сондай.
Әбіш – Махамбетті текстологиялық тұрғыдан оқып-түсініп, тұнығына бойлаған қаламгер. Шығарманың аты болып «Шандоз» сөзі бекерге тұрған жоқ. «Шандоз» сөзі – бұрын тілімізде сиректеу қолданыста болған, «сұлу, көркем» жігіт мағынасындағы жергілікті сөз. Махамбет ақын өлеңдерінде бұл сөз екі рет пайдаланылған: «Қарағай шаптым шандоздап», «Керіскедей шандозым». Әбіш әдебиетте «шандоз» сөзімен де Исатайдың айбынды бейнесін жасап кетті. «Шандоз» – Махамбеттің өлеңінде өз орнында қолданылған. Ал Ә.Кекілбаев сөзге екінші өлмес ғұмыр сыйлап, ұмытылып бара жатқан сөзді тірілтіп, шығармасының аты, тақырыбы етіп алған. Бұл да – оның үлгі алар жағы. Мұны да кітап авторы түйіп-түйіп айтады.
«Шандоздың» ерекшелігі – ғылым мен публицистиканы қосып, қатып қалған қасаң ғылыми қағиданы бұзуы. Ғылым адамға қызмет етуі керек. Бұрын партияның талабынан шыға алмаған қаламгерлер, әсіресе, ғалымдар толық шығармашылық еркіндікті пайдалана алмады. Ал Ә.Кекілбаев болса, сол құрсауды бұзып, өз ойын батыл жеткізгенін, әдеби тілдің толық мүмкіндігін пайдаланғанын, соны бағыт, дербес жол, тың ұстаным үлгісін көрсеткенін алға тартады кітап авторы.
«Абыз Әбіш» кітабында қаламгерді қаламгер қапысыз танығандығы аңғарылады. Жылдар бойына қордаланып, қорытылып, үлкен дайындықпен келетін дара да сара еңбек иесі талай нәрсені қалт жібермей барлай алған. Кітаптың өн бойында соншалықты тебіреністі, соншалықты шынайы еске алулар, тәуелсіздік жылдарындағы бұлтартпас кіндік пікірлер, тіл мәселесіндегі айтыс-тартыс, ана тіліміздің жай-күйі жайындағы тұжырымды сұхбаттар, қилы мемлекеттік күрделі істерді атқару барысында қиналмай, жан-жағына сәуле төгіп өткен нар Әбіштің сан қыры зор ықыласпен сомдалған. Жан баласына қылдай қиянат қылмай, жан-жағына жақсылық қана тілеген абзал жанның бейнесі ашылған. Кітап авторының Әбіш ағаның бір тарихи эссесі жөнінде жазған «адамды ардақтаудың, ұлыны ұлықтаудың, дарынды дәріптеудің, асылды аялаудың үйренетін үздік үлгісі» деген сөздерін осы «Абыз Әбішке» тұтастай қарата да айтудың еш артығы жоқ. Абдрахманов осы еңбегі арқылы жақсыларды жарқырата көрсетудің асыл үлгісін жасап беріп отыр. Бізге ұмтылатын биіктерді белгілеп беріп отыр. Мұндай кітап ұлы тұлғамен ой жарыстыра алатын адамның ғана қолынан шығуы мүмкін. Оны Ғарифолла Әнес мақаласына «Ойжарыс» деп ат қойып тұрып, жақсы айтыпты.
«Абыз Әбіш» – жас ұрпаққа берері мол тағылымды дүние. Жайсаңдар жайсаң іс істейді. Кітап авторы Сауытбек ағамызға зор денсаулық, отбасына амандық, әр ісіне сәттілік тілейміз!
Жанбибі ДҮЙСЕНБАЕВА,
филология ғылымдарының докторы
Ақтау қаласы