Қазақтың «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөзі тегін айтылмаған. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібесі мол, қарт кісілердің отырған үйінде береке-бірлік болады. Үлкен кісілері бар үйде жас балалар зерек, ақыл-кеңеске қанық өседі. Қарттарын құрмет тұтып, ақсақалдарын ардақтай білген елдің баласы өткенді бағалауға, бүгінін саралауға құмар болады. Үлкенге ілтипат көрсеткен жастың өзі де өсе келе сондай құрметке ие болады.
Әлемде 1950 жылы 200 млн. қарт адам болса, қазір 1 миллиардтан асты. Ал Қазақстанда 1 350 мың қария бар екен. Осынша қарияның бәрі зейнетақымен қамтылған. Еліміздегі зейнетақының орташа деңгейі 70 мың теңге көлемінде болса, зейнетақының ең төменгі көрсеткіші 40 мың теңге.
Бірде такси жүргізуші қарттың «178 мың теңге зейнетақым бар, сонда да ақша артық етпейді ғой деп «таксовать» етемін» деп, ақша-ақша деп аранын ашып отырғанын көргенмін. Мүмкін жоқшылықтың зарын тартып қалған жан шығар деп, қарапайым еңбек адамының жағдайын түсінуге тырысқанмын.
Кешегі кеңестік дәуірдің бар жақсылығына қол жеткізіп, партия қамқорлығының арқасында кәсіподақтың игілігін бір кісідей көрген, шипажайларда жанын күткен зиялы қарттардың арасында да қомақты зейнетақысына қосымша табысы мол қызметтен де қол үзбей, жастармен жағаласып жүргендері жеткілікті.
Қызметі жоғары, жалақысы тәуір 70-тен асқан қарттар қызметтен шыққысы келмейді. Қалайда жұмыс орнынан айырылмауға тырысады. Ал ол өзінің орнын басатын бір жастың жұмыссыз сандалуына жол ашады деген пікір ел арасында біраздан бері айтылып жүр. Мысалы, Германияда зейнеткерлер қоғамдық жұмыстарға араласып, зейнетақысына қосымша табыс табады. Әрі өзін маман иесі ретінде қоғамға керек адам сезінеді. Бірақ толық жалақыға жұмыс жасай алмайды. Оған қоғамдағы жұмысқа жарамды халық сұранысын реттеп отыратын өкілетті органдармен шек қойылған.
Елімізде қарияларға қамқорлық жасалғанмен, оларға арналған демалу орындары, сауық орындары жоқтың қасы. Дамыған Еуропа елдерінің тәжірибесін көрген кейбір жеке кәсіпкерлер Алматыда «Ата бақша» қарттарды күндіз қарайтын орын ұйымдастырып, «Асар» қоғамдық ұйымы денсаулығы жоқ, мүгедек қарттарды күндіз қарап беретін орын ашқан. Ол жерде таңғы алтыдан кешкі сегізге дейін мүгедек қарт кісілер арнайы мамандар бақылауында болады. Бұның бәрі – жаңа заманға лайық, өркениеттің талабынан пайда болып жатқан жаңалықтар.
Адамның 60–74 жас аралығындағы өмірі егде жас саналады. Еліміздегі орташа жас ерлер үшін – 65, әйелдер үшін 73 жас болып белгіленген. Ал қарттық 75-тен басталады. Сонда адамдардың көбісі қарттыққа жетпей көз жұмады екен.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге талап қойып отыр. Бұның өзі – қарттыққа бет алған кісілердің денсаулығы мен күнкөріс деңгейін арттыру көзделіп отыр деген сөз.
Жасы ұлғайған адамдар мемлекет тарапынан қамқорлықта, оларға әр мереке сайын түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп отырады.
Ақтау қаласында Ұлы Отан соғысының 7 ардагері өмір сүріп жатыр. Қалада тұратын зейнеткерлер саны – 21 631.
Жыл сайын қарттар күні қарсаңында жасы 70-тен асқан зейнеткерлерге 4 810 теңге көлемінде мерекелік көмек беріледі. Ал қария жасына жеткен мүгедектерге жылына 5 рет мерекелік көмек беріледі.
Қазақтың үлкендері жастарға «жасың ұзақ болсын!» деп бата береді. Жас күнінде алған батасы қабыл болған қарттарымыз аман болсын!
Үміт ЖӘЛЕКЕ