Кеше Ақтау қаласының әкімдігінде өңір басшысы Серікбай Трұмовтың төрағалығымен шаһардың дамуы бойынша көшпелі жиын өтті. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Басқосуда Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асатын жобалар бойынша баяндама жасады.
Мәселен, биыл қалада 450,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 615 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
"Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанамен қамту үшін 33 шағынауданда көпқабатты 670 пәтерлік тұрғын үйдің 3-кезеңі, 18 шағынауданда 180 пәтерлік төрт тұрғын үй, 19А шағынауданда, №41 учаскесінде 432 пәтерлік бес тұрғын үй салынып жатыр", - деді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 9 балалар ойын алаңдары жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 90, 090 мың теңге қаражат қаралды. Сонымен бірге, 6 спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 72 млн. 962 мың теңге қаражат бөлінді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биылғы жылы төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында «Жұмыспен қамту» жол картасы бекітілді. Осы бағдарлама аясында қалада 6 шағынауданның (2,6,7,12,26,27) толығымен абаттандырылу жұмысы жүргізілуде. (автожолдар – 67,2 км., тротуар - 45,8 км. балалар ойын алаңдары – 63 дана, спорт алаңдары – 22 дана). Орталық көшелердегі жол бойында орналасқан 177 көп пәтерлі тұрғын үйлердіі қас беттері сырлануда. Алдағы уақытта мына жұмыстар жасалады:
- Жылы жағажай аумағын сумен жабдықтау;
- Шығыс-3 ш/а инженерлік желілер (сумен жабдықтау, канализация, телефондандыру) құрылысы;
- Рауан тұрғын үй массивінде инженерлік желілер құрылысы;
- 29 ш/а КП13-тен бастап 16 ш/а КП-10-ға дейінгі жылу желілерін реконструкциялау және КП10-нан бастап 16, 17, 19 ш/а қиылысына дейін жаңа жылу желісін салу;
- Шығыс-1 ш/а 300 орындық орта мектептің құрылысы;
Аталған бағдарлама аясында бүгінгі күнде жалпы саны 1500 астам қала тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Жиын соңында облыс әкімі С. Трұмов "Аққу-3" тұрғын-үй кешенін биыл бітіріп, қолданысқа беруді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар көп жүретін жолдарға жаяу жүргіншілер жолағын сызу, бағдаршам орнату қажеттілігін де айтып өтті. Қаланы көгалдандыру мәселесін қатаң қолға алып, арнайы мамандардың кеңесімен жасыл желекті баптауды тапсырды.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН