«Әр қазақ менің жалғызым» - деп жырлаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Шеркешбайұлы 60 жасқа толды. Қазақ көркем әдебиетінің көрнекті қайраткерін облыс әкімі Серікбай Трұмов қабылдап, барша маңғыстаулықтардың атынан құттықтады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парлементі Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жолдаған ізгі тілегін жеткізді.
«От ауыз, орақ тілді, қабырғалы қайсар қаламгер, алты Алашқа аты мәшһүр арқалы ақын ретінде Сіз ұлттық поэзия мен төл әдебиетіміздің ұлықталуына, ұлттық рух пен сананың кемелденуіне, туған тіл мен мәдениетіміздің сақталуына, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға ерен еңбек сіңірдіңіз. Өскелең өрен жігерін жани алар асқақ рухты, тегеурінді, жасын жырларыңыз, ұлттық бояуы қанық, пәлсапалық ойы басым маржан туындыларыңыз сөз өнерінің бағалы қазынасы ретінде көркем әдебиетіміздің алтын қорын кемелдендіре түсті. Бұл – барша маңғыстаулықтардың, халқымыздың мерейі!Алда да отбасыңыз аман, деніңіз сау, бақуатты ғұмыр кешіп, шалқар шабыт, шынайы бақытқа кенеліңіз. Егемен еліміздің, киелі жеріміздің қадір қасиетін асқақтатар жасын жырлар мол болсын!» - деді облыс әкімі.
Суреттерді түсірген: Талант ҚҰСАЙЫН