Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы №409 жарлық
Қазақ КСР-інің территориясындағы Семей облысында 1949 жылдан бері ядролық қаруды сынау жүзеге асырылып келді. Осы уақытта 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне залал келтірді. Қазақ КСР-і КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талабына құлақ асып, қаулы етемін: семей ядролық сынақ полигоны жабылсын.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ.
Алматы, 29 тамыз, 1991 жыл.
Қазақстан - ядролық қарудан бас тартқан және алғаш бастама көтерген әлемдегі ең алғашқы мемлекет. Осыдан 29 жыл бұрын 500-ге жуық ядролық қару сыналған Семей маңындағы полигон жабылып, бұл оқиға жаңа Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассемблеясының Бірінші комитетінде Қазақстан “29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні” деп жариялауды ұсынды.
Семей полигонының салдары нендей қасіреттерге әкеліп соққанын көкірек көзі ашық әрбір азамат білсе керек. Қатерлі ісік, ана жатырында дұрыс жетілмеген бейкүнә сәби, өмірге шыр етіп келіп, бірден табиғаттың таза ауасын емес, сынақтың уын жұтқан шарасыз шақалақ, Жер – ананың құшағында жайқалып өсе алмаған жасыл желек пен жоғалған аң-құс...Тізбектей берсең, салдары көп-ақ, себеп біреу – 1949-1989 жылдар аралығында Семей маңының ядролық қаруды сынау полигоны ретінде таңдалып алынуы. «Семей қасіреті» кітабының авторы, жазушы Медеу Сәрсекенің пікірінше, бұл аймақ бекерден бекер таңдалмаған. Біріншіден, осы аймақта әуе және теміржолмен қатар Ертіс өзені арқылы өтетін су көлігімен қатынас жасау мүмкіндігі болды. Екінші, оңтүстік Оралдағы атом өнеркәсібіне жақын аймақ еді. Сондықтан Семейден сынақ аймағына арнайы 18 гектар жер бөлінді.
Осы жылдар аралығында Семей мен Павлодарға жақын аймақта 456 сынақ жүргізілсе, оның 113-і ашық алаңда жасалды. Алғашында ядролық сынақтар жүргізілетіні туралы халыққа ескертілмеген. Айта кету керек, жоғарыдағы сыналған ядролық қарудың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есеге көп. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, қазақтың бас ақыны Абай туған топырақта қаншама Хиросималар жарылды.
Бара-бара бұл азапқа шыдау да, оған қарап, үнсіз отыра беру де оңай болмады. Бұл іске қоғам белсендісі, ақын Олжас Сүлейменов бастаған өз Отанының болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар араласты. 1989 жылы «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өтті. Содан соң ядролық сынақтарға тосқауыл қоймақ ниеттерін білдіріп, КСРО мен АҚШ басшыларына Үндеу жасады.
Онда былай делінген еді: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық».
1953 жылдың 12 тамызында аталған полигонда бір жарылыстың қуаты 480 килотонна болған. Осы оқиға көпшіліктің жадында мәңгі сақталса керек. Ай- туларынша, сол жарылыстағы радиоактивті газдың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 шақырым биіктікке дейін көтерілген. Ал «Дала шөптері осы жарылыстан кейін бірнеше күн көгілдір сәуле шығарып тұрған» деседі.
1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алуына 4 ай қалғанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Семей полигонын жабық» деп жариялап, жаңа ғасырға батыл қадам жасады.
1992 жылы «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» деп аталатын заң қабылданып, 1 жарым миллион қазақстандық сол тізімге ресми тіркелген екен. Ал Семей қаласы бойынша осы тізімде 176135 адам болған.
Жаңа заман – ядролық қарудың емес, білім мен ғылымның, өркениет пен дипломатияның ғасыры. Осыны ерте бастан ұғынған, қанаты енді қатайып келе жатқан Қазақстан тәуелсіздігін алмастан бұрын территориясын удан тазартып алғандай болды. Осылайша отыз жылға жуық уақыт арғысы Алаштың ұрпағы әлемде ядролық қарудан бас тартқан әрі соған әлем жұртын шақырған бірден бір мемлекет болды.
«Кейбір жастардың шетелдегі өмірге еліктегені сонша туған өлкеге көңілі толмаушылық бардай сезіледі. Алайда әр азамат өзі өскен топырақтың қандай сыннан өткенін толық білсе, жаны ашыр еді» деп ойлаймын. Семей – сынақ алаңы, қазақ даласындағы тың игеру, Аралдың тартылуы сынды экологиялық оқиғаны өз көзімен көрмеген қазіргі ұрпақ бақытты. Бірақ оның тигізген зардабы мен тарихқа салған қара таңбасын ұмытуға әсте қақымыз жоқ. Мен аудан жастарын білімді болуға, білмегенді біліп, тануға, еліміздің тарихын түбегейлі зерттеп, тағылым алуға шақырамын. Бүгінгі жастардың басты міндеті – тарихта қалған ақтаңдақтарды ашу, экологиялық мәлелердің оңтайлы шешу жолдарын ұсыну және қоғамға пайдалы болу деп білемін», - дейді Мұнайлы аудандық «Jas Otan» жастар қанатының бөлімше басшысы Абай Түзелбай.
«1991 жылы 29 тамызда біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи күн маңызы зор оқиға болды. Біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылға жуық қасірет шектірген милитаризмнің ең зұлмат сынағы ширек ғасыр бұрын заңдық тұрғыдан тоқтатылды. Біз әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жабу туралы Жарлық шығару арқылы Қазақстанда «Гордиев түйінін» бірінші болып үздік. Біздің шешімімізден кейін ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, бірақ олардың ешқайсысы әлі жабылған жоқ. Қазақстан – осындай шешімге барған бірінші ел. Халқымыздың қалауы осындай болды», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конфе- ренцияда сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті атом энергетикасының ашылуы жиырмасыншы ғасырдың жетістігі болғанын, десе де оны әскери мақсатта қолдану – ең үлкен қауіп пен адасушылық екенін осы отырыста қадап айтты.
«Ядролық қарусыз өткен отыз жыл қазақстандықтар үшін қауіпсіз кезең болды» деп кәміл сеніммен айта аламыз. Бұдан былай да еліміз қауіпсіздік пен бейбітшіліктің туын биік ұстағай!
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ