Жыл сайын дәстүрлі түрде 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың білім алмауының алдын алуға бағытталған «Мектепке жол» акциясы өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Жуырда осы акция шеңберінде «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының бастамасымен Ақтау қаласы бойынша 50 отбасы балаларына мектепке қажетті құралдар мен кеңсе тауарларын алуға сертификаттар берілді.
─ Алдымен белсенді жастар көмекке мұқтаж балалардың тізімін дайындады. Бұл 50 баланы қамтыды. Содан соң өңірдің жомарт жандарына, кәсіпкерлерге, партияның белсенді азаматтарына хабарласып, осы акцияға демеуші болуға көмек сұралды. Бізді қолдаған барша жанға алғыс білдіреміз. Барлық жерлестеріме «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасатынын және оған белсенді қатысуға мүмкіндік бар екендігін жеткізгім келеді. Биыл оқу жылы қашықтан өтуіне байланысты әлеуметтік осал топтарға қазіргі уақытта ұялы телефон мен ноутбук секілді құралдардың аса қажет екеніне баса назар аудартқым келеді, - дейді «Jas Otan» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Н.Мағдатов.
Акцияға қатысушы Гүлжан Айшуақованың төрт баласы бар. Ол аталмыш акция аясында жетінші сынып оқитын қызына оқу құралдары салынған сөмкені алды. Кеше бізге жастар қанатының белсенділері телефон соғып, қалалық филиал ғимаратына келуге шақырды. Қатты қуандым, қызым да риза. Осы акцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», дейді Г.Айшуақова.
Аталған акцияның өтуіне ықпал еткен Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі В.Трифоновқа, Ақтау қалалық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Дощановқа, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы комиссиясының төрайымы Б.Жалмағанбетоваға, «Асыл Транс Груп» ЖШС директоры Р.Аймурзаеваға және «Марфуға» дүкеніне, «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоғамдық қорына «Jas Otan» ЖҚ мүшелері алғыс білдірді.
Әсел ТАҢАТАРОВА